«Руханият орталығы»: 37 жылдан кейін жайлы орын бұйырды

808

0

Былтыр Сыр өңірінде  «Руханият жылы» жарияланды. Игі бастама халқымыздың жыл басы, жаңару кезеңі саналған Наурыз айынан басталды. Бұл кезең айшықты жобалар мен толымды  шараларға толы болды. Мәселен, атаулы жылда «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Мұнан бөлек өнердің алтын діңгегі саналатын жыраулық дәстүрді дәріптеген өңірде  «Жыраулар үйінің» ашылуы мұраға, мәдениетке деген құрметтің белгісі болса керек.

Ұлттық мәдениет пен өнердің  қарашаңырағы, тарихы тереңнен бастау алатын,  дарындар мен таланттарды дүниеге әкелген құтты мекенде «Руханият жылының» жариялануы да бекер емес.

«Аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шетелдерде сақталған жәдігерлер көшірмелері ел назарына ұсынылатын болады.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады» деген еді былтыр облыстық мәслихат сессиясында Нұрлыбек Машбекұлы.

Расымен де атаулы жылда бірқатар ілкімді жоба жүзеге асты. Оған дәлел – 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын  «Руханият орталықтары» құрылысының  басталуы. Тәуелсіздік күні қарсаңында Қармақшы ауданында алғашқы орталық ел игілігіне табысталды. Бұл  қармақшылықтарға үлкен қуаныш сыйлады.  Онда ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі жұмыс жасауда. Жолымыз түскенде онда орналасқан мекемелердің тыныс-тіршілігімен таныстық.

– Архив мекемесі 1987 жылы құрылды. Содан бері мекеменің тиісті талапқа сай, типтік жобадағы ғимараты болмады. Аудан орталығында босап қалған ескі нысандарда отырып келдік. Негізі қойманың қалыпты температурасы 17-19 градус болуы керек. Барлық терезе жабық тұруы тиіс.  Талап бойынша құжаттардың сақталуына қолайлы жағдай жасалып,  ол жерге жылу кірмеуі керек.  37 жылдан кейін ғана бізге жайлы орын бұйырды, мәселеміз шешімін тапты, – дейді Қармақшы аудандық архиві филиалының басшысы Гүлжамал Іздібаева.

Ал кітапхана басшысы Күлшара Қаниева жаңа ғимарат жаңа мүмкіндік бергенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын. Орталықтың ашылуы  ауданымызға тың серпін берді. Мұнда ардагерлермен, жастармен бірлесіп жұмыс жасауға өте қолайлы. Кең, жарық, оқырман үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, электронды оқу залында 15 компьютер интернет желісіне қосылды. Кітапханамыздың 55454 дана кітап қорын  4 мыңнан аса оқырман пайдалануда. Қазір бұрынғыдай емес, келушілер қатары көбейді. Түнгі кітапхана қызметі жолға қойылды, – дейді ол.

Әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азайту мақсатында бой көтерген жаңа нысан – мәдени, рухани, тарихи ұйымдарды біріктірген бірегей кешен екені сөзсіз.

– Уақыт ілгерілеген сайын заман талабы да өзгере береді. Ауданымызда халық игілігі үшін заман талабына сай «Руханият орталығы» ашылды. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен мүмкіндік беретін жаңа орталық бәрімізге қуаныш сыйлады. Аудан аналарына арнайы бөлме берілді. Онда ұрпақ тәрбиелеуде, елдің болашағының жарқын болуына әйел-аналар қауымы өз үлесін қосатын болады. Жаңа жобамен салынған сәулетті ғимаратта түрлі іс-шаралар ғана емес,  табысты жұмыстар жүргізілетін орынға айналатына сенемін, – дейді әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева.

Ең бастысы, бұл орталықта ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасатыны даусыз. Оған қармақшылықтар да аянбай үлестерін қосады.

Жалпы Қармақшы ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып, тың жобалар жолға қойылған. Өткен жылы аудан бюджеті 13 млрд-тан асса, биыл  18 млрд  533  млн теңгеге жетті.

Бұл қаржы тұрғындардың өзекті мәселелерін, оның ішінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар салу, ауызсу және газбен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту мәселелерін шешуге бағытталуда. Жыл өткен сайын ауданның әлеуеті артып, келбеті көркейіп келеді. Мұны елде атқарылған нәтижелі жұмыстың жемісі деп білеміз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<