Сәуле Омарова неге АҚШ-та министр болмады?

153

0

2021 жылдың 23 қыркүйегінде АҚШ президенті Джо Байден АҚШ-тың банк қаржысын бақылау басқарма басшылығына (қаржы министріне) Сәуле Омарованы ұсынды. АҚШ-тың 158 жылдық тарихы бар банк жүйесінде бірінші рет ұсынылған әйел адам – қазақ қызы болды.

АҚШ-тың қаржы министрлігінің 3,5 мың қызметкері АҚШ-тағы 30 мыңнан астам ірі банктеріне бақылау жасайды, олардың активтері 15 триллион долларға жуық. Ол жақта қаржы министрі президент жарлығымен орнына қонжиып отырып алмайды. АҚШ президенті жаңа  қаржы  министріне лайық деп үміткер адамын ұсынғанымен, оны Сенат тексеріп, бекітеді. 

Президент Джо Байден ұлты қазақ 55 жастағы Сәуле Омарованы ұсынған соң оның өмірбаяны мен істеген қызметтері егжей-тегжейлі зерттеліп, баспасөзде жарияланып тұрды. Сенатор Пэт Туми о бастан Сәулеге қарсы болды, ол түсінікті еді, СССР-ді американдықтар «Зұлымдық империясы» деп атайтын, сондықтан сенатор: «С.Омарова елінде коммунист не комсомол мүшесі болды ма?», «Университетті бітірердегі диплом жұмысының тақырыбы қалай аталады?» сынды сұрақтарды анықтау керек деді. Анықталғаны баспасөзде жарияланып тұрды. Коммунистік партияға өтпесе де, Сәуленің комсомол мүшесі болғаны анықталып, американдықтарды шошындырды. Университеттегі дипломдық жұмысының тақырыбы: «Карл Маркстың «Капиталындағы» революциялық теориясының экономикалық сараптамасы» екендігін білген АҚШ баспасөзі дабыл қағып, «Омарова  коммунист болып шықты», «Байден Уолл-стриттегі сыншыны таңдапты», «Күдікті таңдау»,  «Биткойн сыншысы», «Байденнің радикальды кандидаты», т.б қаралайтын мақалалар жарыса шығып жатты. АҚШ-тағы  жоғары лауазымға сенаторлар бекітпейтінін білген Сәуле Омарова «аш құлақтан – тыныш құлақ» деп, өз кандидатурасын қайтарып алды.

Әлемдегі алапауыт мемлекет АҚШ-тағы жоғары лауазымға президент Джо Байденнің өзі ұсынатын Сәуле Омарова кім?

Сәуле Тарихқызы Омарова 1966 жылы 2 қарашада Орал қаласында дүниеге келген. Әкесі туралы мәлімет жоқ, анасы Саида методист болған. Мектепте үздік оқығандықтан, маңдайына сор болған ВЛКСМ қатарына 14 жасында өтеді. 1984 жылы №21 мектепті алтын медальмен бітіріп, Мәскеу университетіне түсіп, үздік оқығандықтан Лениндік стипендия алады. 1989 жылы университетті бітіріп, аспирантурада оқып жүргенде студенттерді екі ел ауыстырып оқыту бағдарламасына сай АҚШ-тың Мэдисон қаласындағы университетте оқып, сол жақта тұрақтап қалады. 1992-1998 жылдары посткеңестік елдердегі мұнай өндірісін зерттейді. 1993 жылы «Қазақстандағы мұнай кеніштерінің саяси экономикаға әсері» атты диссертация қорғап, экономика ғылымының кандидаты атанады. Осы диссертациясында Қазақстанның мұнай өндірісін ұлттық компания ретінде құру керек, сонда одан түскен табыс халықтың әл-ауқатын жақсартатынын атап көрсетеді.  Өкінішке қарай мұнай өндірісі басқаша сипат алды. Университет гранты арқылы оқып, докторлық дәрежесін қорғады. Кіші Джордж Буш президент болған  кезде  АҚШ  қаржы бақылау басқармасының кеңесшісі, яғни қаржы министрінің орынбасары болады. Осындағы қызметіндегі іскерлігін байқаған АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден мемлекеттің қаржы министрі қызметіне ұсынғанда үлкен қарсылыққа тап болып, өз кандидатурасын қайтып алатынын айтқанда президент Джо Байден келісімін берді.

Сәуле Омароваға сенатор-республикашылдар, ірі банк иелері қарсы болды. Оған себеп совет қоғамында тәрбиеленіп, комсомол мүшесі болғандығы еді. Ұлтына қатысты ешқандай түртпек болған жоқ. Қазір Сәуле университетте профессор-оқытушы. Күйеуі Тимур, ұлы Айдын, анасы Саида төртеуі тұрады.

Бақытжан Абдул-ТҮМЕНБАЕВ,

тарихшы