Өткен жұмада «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда партияның былтыр атқарған жұмыстары сараланды.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде оның барлық бастамалары мен саяси реформаларын қолдайды. Есепті мерзімде де бұл жұмыстар қарқынды жалғасын тапты. Мәселен, ел үшін маңызды жалпыхалықтық референдумда облыс тұрғындары белсенді азаматтық позициясын көрсетіп, ұйымшылдықпен дауыс берді. Жүйелі үгіт жұмыстарының нәтижесінде дауыс берушілердің 82,23%-ы референдумға қатысып, 78,34% дауыспен қолдап, республикада алдыңғы қатардан көрінді. Жалпы аймақтық штабтың ұйымдастыруымен орталық және аймақтық деңгейде 683 іс-шара, республикалық халықтық штабтың өңірге сапары барысында 17 шара өткізілген.
Жыл ішінде 38 ауылда әкімдер сайлауы өтіп, онда «AMANAT» партиясынан ұсынылған 37 үміткер жеңіске жеткен.
– Бұл жұмыстардың барлығы облыстағы партияның 1 аймақтық, 9 аумақтық филиалы жанындағы 206 бастауыш ұйымына топтасқан 46 мыңнан астам партия мүшесі мен мәслихаттардағы 152 мандаттың 124-ін иеленіп отырған фракция мүшелерінің және мыңдаған жақтастарының тікелей қатысуымен жүргізілген жұмыстардың жемісі деп білеміз. Жалпы партияның алдында тұрған ең бірінші кезектегі міндет ол – халыққа берген сайлауалды уәдені орындау. Өздеріңіз білесіздер, 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарлама бар. Барлық өңірде бағдарламаны нақты жүзеге асырудың арнайы Жол картасы әзірленді. Жол картасындағы шараларға нақты қаржы да қаралды. Былтыр өңірде сайлауалды бағдарлама 91,4 пайызға орындалды. Онда қамтылған 116 іс-шараның 106-сы орындалған, қалғаны орындалу сатысында, – деп атап өтті Алмасбек Әбілқасымұлы.
Өңірде 15 елді мекен газдандырылып, «көгілдір отын» келді. Нәтижесінде газбен қамтамасыз ету деңгейі 78%-ға жетті.
Бюджеттен бөлінген қаржыға 904 пәтерлік 16 кредиттік тұрғын үй салынды. Оның ішінде Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында жеті қабатты 84 пәтерлік 6 тұрғын үй пайдалануға берілген. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1944 пәтер сатып алынған. Қызылорда қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 123 пәтер тапсырылды. Азаматтарға 866,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Спорт саласында 4 нысан іске қосылған. Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қарқыны өсіп, 1000 адамға шаққанда 46,2%-ға жеткізілді. Білім саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 6900 орындық 10 мектеп салынды. Денсаулық сақтау саласында облыстық «Қан орталығы», ауылдарда 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табыс етілді.
– Былтыр аймақтық және аумақтық филиалдардағы партиялық бақылау комиссияларының 117 отырысы ұйымдастырылды. Комиссия отырыстары мен мониторинг жұмыстары барысында 543 ұсыныс әзірленіп, оның 398-і орындалды. Қалған ұсыныстар бойынша жұмыс жасалып жатыр. Партиялық бақылау комиссиялары сайлауалды бағдарламаның Жол картасында көрсетілген құрылыс нысандарына апта сайын рейд ұйымдастырып, 76 нысанға партиялық бақылау бекеті орнатылды. Бүгінгі күні 60-ы пайдалануға берілді. Қалған 16 нысан пайдалануға берілгенше партиялық бақылауда болады. Мұнан бөлек, комиссия мектептер мен аурухана асханаларына, жаңа оқу жылына, әлеуметтік нысандардың қысқы жылу маусымына дайындықты, тұрақтандыру қорына тақырыптық мониторингтер жүргізді. Одан бөлек барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялар жұмысы жаңа жолға қойылып, өзара байланысы нығайып, тұрғындардың проблемалары үйлесімді жұмыстар арқылы шешілуде. Мәслихаттардағы фракциялардың 60 отырысы өткізіліп, фракция мүшелері тиісті органдарға 768 депутаттық сауал жолдады. Облыс, қала, аудан әкімдері, әкім орынбасарлары фракцияларда есеп беріп, қабылдаулар өткізді, – дейді А.Есмаханов.
Филиал төрағасының айтуынша, сайлауалды уәделердің уақытылы іске асырылуына сүбелі үлес қосып келе жатқан орган бұл – партия филиалдары жанынан құрылған түрлі бағыттағы кеңестер. Олардың 155 отырысы өтіп, 302 мәселе қаралып, 783 ұсыныс көтерілген.
Халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс жасау мақсатында партия филиалдарында қоғамдық қабылдау бөлмелері қызмет жасауда. Азаматтар көтерген мәселелер бойынша арнайы «Ашық есік» күндері мен «Құқықтық көмек», «Халыққа көмек» партия жобалары аясында тақырыптық қабылдаулар өткізіліп, тұрғындарға тиісті кеңестер беріліп, көмек көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6904 арыз-өтініш түссе, оның 5141-і оң шешімін тауып, жалпы түскен өтініштердің 77,4%-ын құраған. Ал 1 763 өтініш бойынша заңнамалық түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер берілген.
Партияның «Табысқа апарар жол. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» жобасы аясында өткен 12 қабылдауда 31 адамның 13-і тұрақты жұмысқа орналасқан. «Құқықтық көмек» жобасымен өткен 123 қабылдауда 363 тұрғынның 51-іне көмек көрсетіліп, 37-сі құқықтық тұрғыда сүйемелденген.
2022 жылы бастау алған «Мобильді қабылдау» жұмыстары да шалғай елді мекен тұрғындарының өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге үлес қосуда. Былтыр жоспарланған 14 мобильді қабылдау барысында 189 мәселе қаралып, 89-ы оң шешілді (47%), 49-ына нақты кеңес берілсе, 51 мәселе бойынша жұмыс жасалуда. Қоғамдық қабылдау жұмыстары ірі бастауыш партия ұйымдарында да өткізіледі. Ең бастысы, бірде-бір өтініш қараусыз қалмайды.
Партияның ақпараттық-идеологиялық бағытын қарқынды ұйымдастыру бойынша да түрлі жобалар аясында бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы бойынша Президенттің тапсырмасына сәйкес аймақта 2022 жылдан бастап мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару, оны қайта айналымға қосу жөнінде жұмыстар бар. Осы орайда, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан «Жер аманаты» аймақтық комиссиясы құрылған. Комиссия мен жергілікті органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде былтыр 77,5 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, жоспар артығымен орындалған. Қайтарылған жерлер мақсатты пайдалану үшін азаматтарға қайта табысталып жатыр.
«AMANAT» партиясының әр саланы қамтитын 11 жобасы бар. Өткен жылы осы жобалар аясында 2 мыңнан асатам іс-шара өткізілген. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 731 іс-шара ұйымдастырылып, жалғызбасты ардагерлерге түрлі көмек көрсетілген. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында да 584 шара өткізілген. Соның ішінде 83 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 131 адамның тұрақты, 171 мүмкіндігі шектеулі азаматтың уақытша жұмысқа тұруына қолдау жасалған. «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған 176 отбасыға демеушілер есебінен қайырымдылық көмек берілген.
Партияның бастамасымен жүзеге асқан «Қарызсыз қоғам» жобасымен 11 мың азаматты оқыту жоспарланып, 11210 азамат тегін қаржылық сауаттылығын арттыру курсынан өткен. Биыл жоба жалғасын тауып, ақпан айында 90 күннен астам берешегі бар 9500 азаматты оқыту жоспарланып отыр.
Қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының өңірлердегі филиалдары жанынан «Әйелдер қанаты» құрылды. Облыстық «Әйелдер қанаты» өз жұмысын «Анаға тағзым» орталығында негізгі 10 бағыт бойынша жүргізіп келеді.
– Жалпы өткен жыл партиямыз үшін табысты болды деп айта аламыз. Барлық алға қойған жоспарымыз сәтті жүзеге асты. Өңірде облыстық, республикалық деңгейде ауқымды іс-шаралар өтті. Ішкі партиялық жұмыстарға келсек, партия қатарына жаңадан 1445 адам қабылданып, 300 адам шығарылды, – дейді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<