Астана күніне орай әр сала мамандары марапатталды

336

0

Ел алғысын алу ердің ісі. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсету нағыз жауапкершілік пен іскерлікті талап ететін сала. Осы үдеден шығып, мыңдаған адамға сапалы көмек көрсетіп жүрген «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының еңбегі ерен.

Шілде айының 4-і күні аталмыш филиалдың ұйымдастыруымен еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өткізілді. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың акт залында өткен кеште «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төраға орынбасары И.Құттықожаев, сала ардагерлері, мемлекеттік корпорация қызметкерлері қатысып, сөз сөйледі.

– Құрметті қонақтар, сіздерді Астана күнімен құттықтаймын. Елорда Елбасымыздың ерлігі. Бас қаламыз болашақтың бастаушысы, армандар орындалатын орын. Ерке есіл мен сұлу Сырдың бойында қатар өсіп келе жатқан қос қала бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен. Осы жолдан таймай, еліміз өркендей берсін. Ал, біздің қызметке еңбегі қатпаған бала мен еңкейген қарияға дейін жүгінеді. Сол үшін сапалы жұмыс жасау бізге міндет. Ұжымымыз бүгінде осы сенімді ақтап, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Осындай дәрежеге жетіп, еңселі ұжым болуымызға септігін тигізген азаматтар мен әріптестерімізді марапаттауды жөн көрдік,- деді филиал директоры Айдын Қайруллаев.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың және филиал директорының Алғыс хатымен 40-тан астам түрлі саланың үздік мамандары марапатталды. Оның ішінде БАҚ өкілдері де бар. Кеш барысында жуырда ғана төл мерекелерін атап өткен тілшілерге құрмет көрсетіліп, филиал жұмысын елге таныстыруда өз үлестерін қосқан журналистер сыйға бөленді.

Марапаттау рәсімі тәмамдалған соң кеш концерттік бағдарламамен түйінделді.

Айдар САЙЛАУОВ,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<