Салық төлеуден неге жалтарамыз?

549

0

Фото: ашық дереккөз

Бірер күн бұрын қаладағы үлкен дүкендер мен супермаркеттердің  әдеттегідей электронды төлем емес, бұрынғыдай қолма-қол есеп айырысып жатқанын естідік. Жұмыстан қайтарда күнделікті тұтынатын азық-түлік алу үшін бізде дүкенге бас сұққан едік. Банкоматтар мен кассаның алдында ұзын-сонар кезекке тұрғандар көп. Бұған дейін Kaspi.kz қосымшасы арқылы төлем жасап алып жүрген біз де банкоматқа кезекке тұруға мәжбүр болдық. Сатушыдан сұрағанымызда басшының тапсырмасымен QR код алынып тасталғанын, енді төлем тек қолма-қол жүргізілетінін айтты.

Қарап отырсаңыз, өнімі өтімді, жұртшылық жиі келетін үлкен дүкендерде осы көрініс. Оның себебін салық төлемеудің амалы болар деп ойладық. Расында, солай болып шықты. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Гүлжамал Шортанбаева:

– Қазір барлық банктен кәсіпкерлердің есепшотын сұратып жатырмыз. Оларды төтеннен тексеріп баруға құқымыз жоқ. Себебі мораторий жарияланған. Бұл мәселені қарастыратын боламыз,– деді.

Бізде салыққа қатысты сан түрлі мәселе барын бұдан бұрын да айтқан едік. Ақпан айының соңында облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста көтеріліп, сала басшыларына тапсырма берілген болатын. Салықты төлеуден жалтарып, жанама жол табуға тырысатындарға тексеру күшеймек. Облыс бюджетінің негізгі кіріс көзі осы салықтан екенін ескерсек, онда экономикамыздың дамуына кері әсер етіп отырғанымызды түсіну қиын емес секілді.

Қолдағы деректерге зер салайық. Өткен жылы жергілікті бюджеттің болжамы 104,1%-ға орындалып, бюджетке 79,9 млрд теңге түсім түскен. Түсімдердің өсімі байқалады. Десе де түйткілді мәселелер жоқ емес. Айталық, облыстың салықтық түсімі 68 млрд теңгені құраса, халық саны (833 531) біздің өңірмен шамалас Қостанай облысының (832 110) түсімі 144 млрд теңге, яғни 2 есе артық. Оның ішінде жалақыдан төленетін салықтардың сомасы Қостанайда 76 млрд теңге, облыста бар болғаны 44 млрд теңге немесе 32 млрд теңгеге аз. Алайда көрсетілген мәліметтерден тағы бірнәрсені ұғыну керек. Біздегі жалақы мөлшерінің мардымсыз болуы немесе ірі-ірі кәсіпорындардың аздығы да әсер етуі мүмкін.

Статистика органдарының былтырғы мәліметінше,  жұмыспен қамтылғандар саны 331 мың адам. Ал салық есептілігіне сәйкес жұмысшылар саны 249 мың адам, яғни, айырмасы 82 мыңды құрайды. Тағы да сандар арасындағы алшақтық едәуір. Бұл түрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Мәселен, статистикалық мәліметті өсіріп көрсету немесе  өзін-өзі қамтығандар, маусымдық жұмыскерлер деген секілді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының есебінше, 50%-ға тең деп есептегеннің өзінде салық есептеріндегі орташа облыстық жалақы көлеміне сәйкес, 40 мыңнан астам адамнан ай сайын бюджетке 400 млн теңге өндірілмейді.  Бұл – жылына 5 млрд теңгеге жуық қаржы түспейді деген сөз.

Кәсіпкерлер неліктен табысын жасырады дегенге келейік. Бұл мәселе жайлы біз Қызылорда механикалық зауыты «Квант» ЖШС серіктестігінің директоры, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Жаңабай Бекішевпен пікірлескен едік.

–    Өз басым салықтан жалтара алмаймын. Қазір бәрі ашық, көз алдыңда айқын көрініп тұрады. Цифрлық заманда картамен, аударма, QR код арқылы төлем секілді түрі көп. Қолма-қол төлем қабылдаудың кезеңі өтті. Кәсіпкерге қайта сол оңай. Бірақ жаңа шығып жатқан Салық кодексін біздің оқып, танысуға, салық түрлерін зерделеуге уақытымыз жоқ. Бізге неғұрлым тиімді тұсын ұсынса жетіп жатыр. Барлығын электронды түрде бір жүйеге түсіріп, арнайы бағдарлама енгізіп  қойса, жеңіл болады. Түскен табысымыздың белгілі бір мөлшерін ғана төлейтіндей етіп ыңғайласа дұрыс. Оны сол банктен бірден ұстап қалса, тіпті тиімді. Жалпы елімізде кәсіпкерліктің дамуы неге өз деңгейінде емес? Бізге қаржы жағынан үлкен қолдау керек. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант дегенді тоқтату керек. Бұл – кәсіпкерлікті дамытудың жолы емес. Үкіметтен де ештеңе берілмеу керек. Кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге аз пайызбен несие берілгені дұрысырақ. Мәселен, Сингапурда бес миллион ғана халық болса, онда 122 дербес банк бар. Олар ешкімге бағынбайды. Сондай жүйе керек бізге. Әйтпесе қаншама идеясы бар адамдардың қолын қаражат байлап тұр. Әлгіндей шетелдің дербес банктерін бізге көптеп кіргізсе, ұзақ мерзімге төмен пайызбен несие берілсе, кәсіпкерлік дамитын еді.

Сонымен бірге кәсіп ашуда кедергілер де жоқ емес. Кәсіп бастау үшін алдымен жер немесе ғимарат керек. Оның барлығы айналып келгенде қаржыға тіреледі. Ғимарат салып, оның рұқсатын алу үшін де қаншама тер төгіледі. Бірінші кезекте осы мәселелерге жеңілдіктер жасалса, содан кейін ғана бізден талап етсе болады, – дейді кәсіпкер.

Бір мәселенің шетін тартсаң, осылай тағы бірнешеуі шырмауықша орала  береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән берілетінін айтты. Ол үшін бірыңғай кешенді бағдарлама әзірлеу қажеттігін де алға тартқан еді. Бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді де тапсырды. Сондай-ақ, алдағы бесжылдық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатынын да жеткізді. Демек, жаңадан сайланған депутаттарға тағы бір жауапкершілік артылып отыр.

Жоғарыда қозғалған тақырыпқа қайта ойысайық. Биылдан бастап кәсіпкерлер тұрмақ, мұғалім мен дәрігерлер де өзінің табысын көрсетуге міндеттелді. Олар жыл басынан декларация тапсыруда. Ендеше қарапайым кәсіп иелері табысы жайлы ақпарат беріп отырса, онда ірі-ірі сауда нүктелері, күнде кіріс көзі бар дүкен иелері табысын қалайша жасырады?

Тағы да деректерге назар салыңыз. Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалардың қарызын мәжбүрлеп өндіруді жеке сот орындаушылары ғана жүзеге асырады. Кірістер органы тарапынан жеке тұлғалардың көлік, мүлік салығынан берешектерін  мәжбүрлеп өндіру үшін  22 мың жеке тұлғаның 638 млн теңге берешегі жеке сот орындаушыларға жолданыпты. Алайда, 12 мың адамның 263 млн теңгесі немесе 41% ғана өндіріліп, қалған 10 мыңының 375 млн теңге берешегі бірнеше жылдан бері өндірілмей келеді. Сондай-ақ, 1 млн теңгеден жоғары салық берешегі барлардың меншігінде мүліктер тіркелгенмен, оған шектеу қойылмағанын да айта кетейік.

Негізі салық төлеуден жалтарып не жасырып-жабудың қажеті шамалы. Ойланып қарасаңыз, сол қаражат өзімізге қайтып келеді. Түскен сома әлеуметтік жағдайды жақсартуға, үлкен ғимараттар, мектептер, ауруханалар, түрлі мәдени нысандар салу үшін жұмсалады. Өңірдің өркендеп дамуына үлес қосқысы келген әрбір адам, мейлі ол кәсіпкер немесе қарапайым маман болсын, салықтан сырт айналмауы керек секілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<