Сатира сардары

844

0

Сатира сайыпқыраны Сақтапберген Әлжіковтің туғанына 100 жыл толуына орай №144 орта мектепте танымдық шара өтті.

Оған облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы қызметкерлері, қалалық білім бөлімі өкілдері және ауыл әкімі, мекеме басшылары, ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері, жазушының ұрпақтары  қатысты. Жиын  «Сақтапберген – сатираның сардары» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алды. Білім ордасының математика кабинетіне мектептің ардагер ұстазы Ә.Қаракөзұлының есімі берілді.

Мұнан соң Сақтапберген Әлжіков ескерткішінің  алдында «Атаға тағзым» атты «Жас ұлан» ұйымының жиыны болды. Шәкірттер қаламгердің туындылары мен оған арналған  арнау өлеңдерін оқыды. Кеш қонақтары оқушылар ұйымының 55/47 әскери бөліммен бірлескен шеруін тамашалап, мектеп музейімен танысты.

Мектептің мәжіліс залында әдеби кеш өтті. Онда қаламгердің ұрпақтары, көзкөргендер естеліктерін бөлісті. Белгілі қаламгер өмірінің елеулі кездерінен сахналық қойылым қойылды.

Шара аясында Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектеп және педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институты және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп «Сақтапберген – сатираның саңлағы»  атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырған болатын. Сол шара аясында ұстаздарға алғыс хаттар табысталды.                                                                               

Елге елеулі еңбегі сіңген ердің есімін кейінгі ұрпақтың жадында қалдыру үшін 1998 жылы «Қызылжарма» ауылының №144 орта мектебіне Сақтапберген Әлжіковтің есімі берілген болатын. 1999 жылы мектептің алдына қаламгердің ескерткіш- бюсті қойылды. Өз заманында сықақ әңгімелері арқылы қоғамда белең алған келеңсіз құбылыстарды, ерсі қылықтарды сын садағына іліп, сатира тілімен жеткізген Сақтапберген Әлжіковтің есімі ел жадында мәңгі қалары сөзсіз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<