Сенбідегі саудада бәрі бар

813

0

Жылдағы дәстүр бойынша Арал ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі биыл С.Торайғыров көшесіндегі «Шұғыла» балабақшасының алдында ұйымдастырылды.

Күзгі молшылық шарасына ауданнан 650 литр шұбат, 12 тонна балық және балық өнімдері, 6,5 тонна ет, 25 тонна көкөніс, 5 тонна ас тұзы және 100 бас қой мен ешкі жеткізіліп, былайғы нарықтан 15 процент төмен бағада саудаланды. Теңіз төскейіндегі аралдықтардың өнімдері әсіресе, мұздатылған балық түрлері: тістінің жон еті, сазан, мөңке, жайын, карась, тыран, тістінің алқымы, балық фаршы және ысталған тыран қалалықтардың қызу сұранысын тудырды. Мәселен, сазанның келісі 950, жылқы еті 1500, шұбат 850, құрт 2500 теңгеден сатылды.

Ал жалағаштықтардың жәрмеңкесі «Титов» қыстағындағы Ә.Қашаубаев пен Жетікөл көшелерінің қиылысында өткізілді. Ауданнан барлығы 60 автокөлікпен әкелінген жалпы құны 33 млн 263 мың теңгенің өнімдері сатылды. Ақ күріштен 50, қауыннан 15, картоптан 15, сәбізден 5, қызылшадан 3 тонна жеткізілді. Жәрмеңке барысында қала тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етумен қатар, 500 дана жоңышқа, 500 бау пресс шөп, 5 тонна жем, 3 тонна күріш қалдығы қолайлы бағада ұсынылды.

Жалағаш ауданы бойынша биыл 36 327 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болса, оның ішінде күріштің көлемі 19 800 гектарды құрап отыр. Егін жинау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін алдағы өткізілетін жәрмеңкелерде күріш өнімдері төмен бағамен сатылатын болады. Жыл соңына дейін қала тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қазан-қараша айларында 4 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарлануда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<