Серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт

364

0

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары жалғасты. Мемлекет басшысы ресми сапары аясында Франция Республикасының Сенатына барды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Сенат ғимаратының ауласында Жерар Ларше өзі қарсы алды. Содан кейін Мемлекет басшысы мен Сенат спикері сап түзеп тұрған Құрмет қарауылының алдымен жүріп өтті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Эмманюэль Макронмен жүргізілген келіссөз Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын растады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, энергетика және көлік-логистика салаларына инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Президент екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат спикерін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Жерар Ларше елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін өзара белсенді іс-әрекет жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Президент Франция Сенатының Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырды.

***

Мемлекет басшысы Францияның атом өнеркәсібі, энергетика, өнеркәсіптік газдарды өндіру, көлік және басқа да салалардағы ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесуде атом энергетикасы саласына озық технологияларды енгізу мәселесін талқылады.

Президент қазақстандық мамандар атом энергетикасы саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың озық технологияларын зерттеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ олар жаңартылатын қуат көздері саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдады. Президентке Air Liquide компаниясының Қазақстандағы жобаларының жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспары жөнінде мәлімет берілді. Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырғанын айтты.

Атап айтқанда, «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» бірлескен кәсіпорны Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының базасында техникалық газ өндірісін жолға қойып, Атырау облысындағы полипропилен өндіретін KPI.Inc газ-химия кешені үшін сығымдалған ауа мен азот өндіретін қондырғы салған.

«Orano S.A.» компаниясы Директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовен кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылды. Клод Имовен KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда бір жылда өндірілетін уранның 15 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын өндіретінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронмен келіссөз барысында Қазақстан мен Франция арасындағы уран саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Alstom» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Анри Пупар-Лафаржды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына компанияның инвестициялық жобалары туралы мәлімет берілді. «Alstom» компаниясы жақын арада жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығару, сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуға ниетті. Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында сервистік орталықтар ашу жоспарланып отыр.

Cондай-ақ Анри Пупар-Лафарж компания осы жобаларды жүзеге асыру барысында мыңнан аса жергілікті маманды даярлайтынын жеткізді.

Бұдан кейін Президент «Total Energies» директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен кездесті. Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронмен келіссөз барысында Total компаниясына айрықша мән берілгенін атап өтіп, компания еліміздің Франциямен стратегиялық серіктестігінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Патрик Пуянне «Total Energies» компаниясы біздің елімізге 12 млрд доллар инвестиция салғанын айтып, алдағы уақытта да ең ірі инвесторлардың бірі болатынына сенім білдірді.

Олар сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторындағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады. Компания қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар.

***

Президент Францияның жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Шараға Total Energies, Orano, Saint Gobain, Boehringer Ingelheim France, Soufflet Group, BPI France, Vicat, Syctom, Pellenc, FICT мал шаруашылығы қауымдастығы, Total Eren, PCM, Safran, Thales, Groupe EDF, Assystem, Alstom, Evolution International, MHB SAS, Exa International, Airbus, Rungis – Semmaris, MBDA, SOPREMA, Луи Викат және басқа да ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастық бүгінде күрделі геосаяси және экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қиын-қыстау кезең – байланыс орнатып, серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт.

– Біз ортақ экономикалық және саяси мүдделерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Ол бизнес ахуалды жақсарту үшін  заңнамаға одан әрі тиісті өзгертулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.

– Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері макроэкономикалық деректерден көрініп отыр. Биылғы 10 айда ЖІӨ өсімі 2,5 пайызды құрады. Бұл болжанған нәтижеден жоғары. Қолданыстағы тасымал тізбегінің үзілуіне қарамастан, біздің экспортымыз 50 пайызға (63,8 млрд доллар) жуық өсті. 2022 жылдың алғашқы алты айында шетелдік серіктестеріміз біздің экономикамызға шамамен 15 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Алдағы 7 жылда біз 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан инвестиция салу жөнінен Орталық Азиядағы ең тартымды ел болуы үшін инвестициялық саясатымызды үнемі жетілдіріп отырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

– Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Бүгінде 170-тен астам француз компаниясы, соның ішінде Total Energies, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain және басқалары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Францияның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақтастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын. Біз оның тезірек құрылғанын құптаймыз. Сондай-ақ француз компанияларын еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамын. Жиынға қатысушылардың бәріне Қазақстан қауіпсіз және тұрақты инвестициялық орта қалыптастыруға кепілдік беретінін нық сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушыларға инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтты.

– Біз агроөнеркәсіп кешенін дамытып жатырмыз. Оның өндіріс көлемін 2,5 есе ұлғайту және экспортымыздың көлемін екі есе арттыру жоспарланып отыр. Тиісінше, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге салынатын инвестицияны ынталандырамыз және Францияның азық-түлік өндірушілерін осыған байланысты инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырамыз. Біз осындай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, бұл –  ынтымақтастық орнатуға зор әлеуеті бар экономиканың нақты секторы. Біз табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы және тау-кен өндірісінің жалпы көлемі бойынша (мұнай мен газды қоспағанда) оныншы орындамыз. 2040 жылға қарай аса маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныс төрт есе артады деп болжанып отыр. Үкімет қажетті қолдау көрсетуге дайын. Біз компаниялар өздерінің озық тәжірибелерін, ноу-хауын және жаңа технологияларын әкеледі деп үміттенеміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергетика, көлік және логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталды.

Президент Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртараптанып, кеңейе беретініне сенім білдірді.

– Бүгінгі конструктивті диалог бизнесті өркендетуге және ортақ дамуға ниетті екенімізді тағы да нақтылауға мүмкіндік береді. Менің әкімшілігім француз компанияларына өңірдегі экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірінде бизнес жүргізуі үшін барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер, Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат, Қазақстан-Франция Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бешт, Airbus компаниясының атқарушы вице-президенті Ван Верш, Thales компаниясының вице-президенті Марион Парада, Vicat компаниясының президенті Ги Сидос, Safran компаниясының аға вице-президенті Стефан Роллан, Saint-Gobain компаниясының аға вице-президенті Патрик Дюпин, PCM президенті Марио Мартинони, Soufflet Group компаниясының бас директоры Кристоф Пасселанд, Boehringer Ingelheim France өкілі Найджел Свифт және Evolution International компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Сирил Джосс сөз сөйледі.

***

«Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және Францияның Total Eren компаниясы Қазақстанның оңтүстік-шығысында жел паркін салады.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел-электр станциясын салу мәселелері туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Қол қою рәсіміне Мемлекет басшысы қатысты.

Жел электр станциясы 2026-2027 жылдары пайдалануға беріледі, бұл біздің еліміздегі ЖЭК нысандарының жиынтық энергия өндірісін шамамен 50 пайызға арттырады. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар.

Қазақстанда алғаш рет жел- электр станциясы электр қуатын жинақтау жүйесімен толықтырылады. Бұл жобаның бірегейлігін көрсетеді. Аталған бастама жаңартылатын энергия өндірісінің табиғи құбылмалылығын реттеуге, артық электр энергиясын жинақтауға және энергия желісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<