Шәкәрім шығармашылығы насихатталды

2191

0

Жаңақорған аудандық балалар кітапханасында «Шәкәрім оқулары»  атты аудандық байқау өтті. Шәкәрім Құдайбердіұлы мұраларын жатқа айту байқауы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылды.

Оған Жаңақорған кентіндегі 6 мектеп пен ауылдық 7 мектептен барлығы 32 оқушы қатысты. «Талап» іріктеу кезеңінде қатысушылар Шәкәрім ақынның бір өлеңін бастап айтып, кез келген жерінен тоқтатып, басқа өлеңін әрі қарай жалғастырып кетуі тиіс. Осылайша кездейсоқ ретпен жалғасып, екі рет қателескен немесе кідіріп қалған талапкер сайыстан шығарылады.

Алғашқы кезеңнен іріктеліп шыққан талапкерлер «Білім» кезеңінде ұлттық санамыздың ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосқан ойшыл ғұламаның өмірі және шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, бақ сынасты. Мұнан сүрінбей өткен қатысушыға «Таза ақыл» кезеңінде жеребе арқылы Шәкәрімнің бір өлеңі беріліп, соған талдау жасалып, өлеңнің мағынасын түсіндіреді.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Д.Айдарова, М.Көкенов атындағы өнер мектебінің директоры У.Ибрагимов, аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Ә.Рзаева байқауға қазылық етті. Олар әр қатысушыны мұқият тыңдап, бағасын берді. Нәтижесінде көркем мәтінді оқу шеберлігі бойынша озық өнер көрсеткен №110 мектептің 6-сынып оқушысы І.Сатыбалды бас жүлдеге ие болды. Ол енді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткізілетін байқауға қатысатын болады. Жүлделі І орынды №163 орта мектептің 7-сынып оқушысы А.Талғат жеңіп алса, №208 Кейден ауылдық мектебінің 8-сынып оқушысы А.Нұрәділқызы II орын, №213 Әбдіғаппар ауылдық мектебінің оқушысы Б.Тасболат келесі жүлделі орынға ие болды. Шара соңында барлық қатысушыға арнайы сыйлық пен Алғыс хат табысталды. Айта кетейік, байқаудың мақсаты – ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын насихаттау.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<