Шахтадағы апат: Мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсуде

364

0

Фото: Руслан Ғаббасов/Kazinform

Костенко шахтасында мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатыр. Бұл туралы Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Шахтадан қаза болған 6 адамды шығардық. Енді бір сағаттың ішінде 11 адамды шығарамыз. Қазір шахтаның шығыс бөлігінен мерт болғандарды жоғары көтеруге дайындап жатырмыз. Апат кезінде кеншілердің денелеріне қатты зақым келген. Осының салдарынан олардың аты-жөнін анықтау қиынға түсіп жатыр», – деді Ж. Өкенов.

Бұл тұрғыда көз жұмған кеншілердің тұлғасын анықтауға біршама уақыт керек екенін айтты.

«Қазір табылмаған 13 адамды іздестіруге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Апат болған жерде өрт ауыздықталды. Қазір шахтада құтқарушылардың жұмысына қауіп жоқ», – деді директордың орынбасары.

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<