Шала шаруаға енді жол жоқ

527

0

әрбір жоба жемісті болуы тиіс

Аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыру үшін жаңа жобалар керек. Бұл ретте облыс басшысы қала, аудан әкімдеріне инвестициялық жобалар арқылы қаржы тарту мәселесінде жұмысты ширату қажет екенін нақты тапсырған болатын.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе қайта қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қызылорда қаласы мен барлық аудан үшін өзекті жобаларға қаржы бөлу және алдағы перспективалық жоспарлар туралы нақты талдау жүргізіп, Қызылорда облысында өзге өңірлермен салыстырғанда жобалар саны мен көлемі аз екенін алға тартты.

– Мәселен, инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге біздің аймақ жалпы құны 2,8 млрд теңгенің жобаларын ұсынса, көрші Маңғыстау облысы 26 млрд теңгеге ұсынып отыр. Басқа бағыттар бойынша да әзірлеген жобалар саны кем және көрсеткіштер әлдеқайда төмен, – деді Мархабат Жайымбетов.

Жиында әр аудан және қала әкімдерінің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым орнату, ауызсу, кәріз жүйелерін жақсарту, газ кіргізу, тұрғын үй салу, үйлерді қайта жаңғырту, электр желісін тарту, жылуға қосу сынды негізгі жобалары жан-жақты қаралып, кемшіліктері де ашық айтылды. Мысалы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандарының әкімдері инвестиция тартудан әлсіздік танытып, санаулы ғана жобаны әзірлеп, ұсынған.

Өз кезегінде қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жобаларын қорғап шықты.

Облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әкімдердің бюджет қаражатын тиімді бағыттау және республикадан қомақты қаржы тарту жұмыстарына сылбыр қарауының салдарынан көрсеткіштер көңіл көншітпей тұрғанын баса айтты. 

– Әрбір жобаның артында қаржы тұрады. Жобаларды уақытылы атқарсақ, тұтас аудан, қала халқының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туады. Өкінішке орай, былтырғы жылы жобалар тым аз жасалған. Соның салдарынан аймаққа бірнеше есе төмен қаржы тартылған. Сондықтан бюджет қаражатына қарап қалмай, демеушілер тартып, инвесторлармен жұмысты күшейту қажет, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында әкімдердің жұмысын саралаған аймақ басшысы қосымша инвестициялық жобаларды 10 күн ішінде әзірлеп, дайын жобалар бойынша қорытынды шығару және сараптама нәтижесін алуды тездету қажеттігін ескертті.

Ал, міндетін орындай алмаған басшылардың алдағы уақытта жауапкершілігі қаралатын болады.

Сондай-ақ, облыс әкімі жоба әзірлеу барысында жол салу, ауызсу тарту және табиғи газ өткізу секілді мәселелерге басты көңіл бөліп, құрылыстың бағасын негізсіз асырып, жұмысты аяқтаудан бас тартқан мердігерлердің жауапкершілігін қарау қажет екенін қатаң тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<