Шаруалар мұқтажы шет қалмағаны қуантты

561

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында аграрлық салаға қатысты дәйекті ой-пікір білдірді. Олардың барлығы – қазіргі жиі айтылып жүрген өзекті мәселелер.

Бүгінде жайылымдық жер мәселесі жиі қозғалып жүр. Бұл – кезек күттірмейтін өте толғақты тақырып. 

«Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәсілдері  «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Жолдау барысында Президент еліміздегі азық-түлік бағасының негізсіз өсуін сынға алды. Десе де, агроөнеркәсіп саласында мәселе көп. Бағаның жөнсіз өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үйлестіру назардан тыс қалмауы тиіс.

Бағаның негізсіз өсуі халықтың әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізеді. Елдің күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін негізсіз қымбаттатуға болмайды. Расында, қазір аталған мәселеге байланысты бірнеше мекеме жауап береді. Олар бір-біріне сілтеуге әуес екенін де жасыра алмаймыз. Мемлекет басшысы бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру жөнінде Үкіметке бір ай ішінде шешім қабылдауға тапсырма берді.

Жолдаудағы жаңалық ретінде облыс аумағынан бір су қоймасының салынатынын атап өтуге болады. Кейінгі жылдарда аймақта егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар дариядан келетін су  мәселесінде көптеген қиындыққа кезігіп отыр.  Су қоймасын салу осы қиындықты сейілтеді деп білемін.

Имамзада ШАҒЫРТАЕВ,

«Таң ЛТД» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<