Шаруаның мұқтажы шет қалмайды

505

0

Сыр еліне Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Алдымен ол қуаңшылық жайлап, төтенше жағдай жария­лан­ған Арал ауданына барып, Бөген, Аманөткел ауылдық округ­те­ріндегі жергілікті халықпен және шаруашылық басшыларымен кездесті.

Басқосуда аймақтағы мал азығы мәселесінің шешілу жол­­дары пысықталды. Облыс әкі­мінің орынбасары Серік Сүлейменов, ауыл шаруашылығы бас­қар­масы­ның басшысы Талғат Дүйсе­баев, Арал ауданы әкімі Серік Сер­мағамбетов қуаңшылық жағ­да­йынан шығу мақсатында атқа­ры­лып жатқан жұмыстарды баян­дады.

Ербол Қарашөкеев мал азы­ғымен қамтамасыз ету мәсе­ле­лерін шешуді жылдам үйлес­тіру үшін министрлік жанынан рес­публикалық жедел штаб құ­рыл­ға­нын және Үкімет деңгейінде іске асырылатын шараларды атады.

– Біріншіден, Үкімет резер­вінен Қызылорда облысына заңға сәйкес белгіленген тәртіппен шаруалардың қыстағына жет­кізілетін мал азығының құнын арзандату үшін субсиядия не­гізінде 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір осы қаражатты арнайы тәртіппен шаруа қожа­лықтарына тамыз айының ішінде кезең-кезеңімен жеткізу қажет. Екіншіден, «азық-түлік келісім-шарт» корпорациясы 490 тонна арпаны нарық бағасынан төмен деңгейде сатты. Жалпы биыл жемдік астық қорын 370 мың тон­наға жеткізу жоспарымызда бар.

Үшіншіден, фермерлердің жем-шөп да­йындауына қосымша арзандатыл­ған жанар-жағармай бөлінеді. Қазір энергетика министрлігімен барлық мәселелер пысықталды. Тамыз айы­нан бастап облыстарға сұратылған лимиттері бойынша жеткізілетін бола­ды. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді, – деді Е.Қарашөкеев.

Бүгінде Экология министрлігімен табиғи жерлерге мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім жасалды. Осыған байланысты қорықтар жерінен шөп шабу және мал жаю мәселесі шешілді. Сонымен қатар, қазіргі жағдайға байланысты фермерлерге қолдау көрсету үшін мал шаруашылығын да­мы­туға алған несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылданады.

Қазіргі таңда Бөген ауылына 96 тонна шөп жеткізілген. Аманөткелге 265 тонна шөп барған. Елді мекеннен 3 бригада құрылып, көршілес Қазалы ауданы, Жалаңтөс баһадүр, Майдакөл ауылдарында шөп орылуда. Сонымен бірге Болат Өтемұратов қорынан 213 миллион теңге қаржы бөлініп, 900 тонна жем-шөп алынуда.

Тағы бір айта кетерлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосым­ша мал азығын дайындайтын техника сатып алуды қаржыландыру және суармалы жерді игеруге қажет құрылғыларды сатып алуға несие беру мәселесін де қарастыратын болады.

Делегация өкілдері «Аспай» су ағытқысының жөндеу жұмыстарымен танысты. «Аспай» су ағытқысын қалпына келтіріп, көлдерді, жайы­лымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін Аманөткел округінің тұсындағы «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеу жұмыстары басталмақ. Бұл үшін Болат Өтемұратов қорынан бөлінген қаржының 4,5 млн.теңгесін құрылыс жұмыстарына бағыттау көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Бұрмақұлақ» су арнасын бөгеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 71 млн.теңге бөлінді. Таяу арада  құрылыс жұмыстары басталатын болады.

Сапар аясында министрлік деле­гациясы Сарықұдық өңіріндегі «Ықылас» шаруа қожалығына барып, мал шаруашылығы саласындағы еңбек­­керлермен кездесті.

«Ықылас» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырын өсіріп, жыл сайын 100-110 бас асылтұқымды бұқа­шықтарды сатып келеді. Қожалықта 518 бас мүйізді ірі қара, 547 бас уақ мал, 254 бас жылқы, 348 бас түйе өсірілуде.

Жұмыс сапары барысында Е.Қарашөкеев Арал қаласындағы жем тарату жұмысын бақылап, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт құрылысын көрді.

Зауыт қыркүйек айында іске қосылып, 20-дан астам адамды жұ­мыспен қамтиды. Жылына 1300 тонна өнім өндіруге мүмкіндік бар.

***

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің Сыр еліне сапары кеше бірқатар ауданда жалғасты. Министрлік делегациясы Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралап, шаруашылықтарда болды.

 Алдымен Жалағаш ауданындағы «Байтабын» шаруашылығындағы шөп жинау жұмысын көріп, одан кейін Сырдария ауданындағы «Мағжан және К» серіктестігінің жоңышқа алқабына аялдады. Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірде шаруаларды қолдау бағытындағы бірлескен жұмыстарды атап өтті.

Айта кетейік, «Байтабын» серіктестігі 1416 гектар күріш, 74 гектар мақсары, 170 гектар жаңа жоңышқа егіп, 572 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Ал «Мағжан және К» 161 гектар бидай, 84 гектар арпа, 306 гектар  жаңа, 1478 гектар ескі жоңышқа бар. Мұнда негізгі дақыл – күріш 2500 гектар.

Ербол Қарашөкеев Арал ауданына көмек ретінде шөп жөнелтіп жатқан Шиелі ауданындағы «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысымен де кездесіп, құрғақшылықтан зардап шеккен ауданға көмек көрсеткендері үшін алғыс білдірді.

– Өздеріңіз білесіздер, Арал ауда­нының шаруалары биыл құр­ғақшылықтан қатты зардап шекті. Қазір мәселе ретімен шешіліп келеді. Облыстың бес ауданынан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан мал азығы жеткізілетін болды. Ол үшін келісім жасалды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы әкімдігінің резервінен 250 млн теңге бөлінді, оның 49,5 млн теңгесі шөп таситын көлік шығынын көтеруге жұмсалады. Жалпы, бұл жағдай министрліктің тұрақты бақылауында болады, – деді Е.Қарашөкеев.

 «Бидайкөл» қожалығы биыл  900 гектар күріш, 200 гектарға күздік бидай екті. Сондай-ақ, 70 гектар соя мен 477 гектар ескі жоңышқалығы бар.

Жалпы ауданда мал суаратын құдықтар салу және су бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған.

Бүгінгі күні облыста 347 мың тонна мал азығы дайындалды. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылды. Мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл ел» студенттік отрядынан жастар да көмекке келіп жатыр. Мыңға жуық адамның қатысуымен 114 бригада құрылып, 170 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды.

Тағы бір маңызды мәселе – мал азығына сұраныс артқан сайын оның бағасының да күрт көтерілуі. Бағаның өсуіне тасымал шығыны да әсер етті. Енді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдауға арнайы жеңілдік беретін болды.

Е.Қарашөкеев облысқа жасаған сапарының соңында Жаңа­қор­ған ауданында алма бағын өсіріп отырған «Жан-Арай» серік­тес­тігі, құс шаруашылығымен айна­лы­сатын «Абдулла» шаруа қожа­лы­ғының құс фабрикасы құры­лы­сының барысымен және мал шаруа­шылығымен айна­лы­сатындарға жем-шөп дайын­дайтын «Нұрбол И» шаруа­шылығының жұмысымен танысты.

Алма бағына 35 112 түп жеміс көшеті сатып алынып, 35 гектар жерге  егілген. Ал, «Абдулла» құс фабрикасы жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін болады. Бұл облыс халқы тұтынатын құс етінің 33 процентін қамтамасыз етеді деген жоспар бар. Бүгінгі таңда 4 ғимараттың каркасы тұрғызылып, қызмет көрсететін техникалар алынған. Сонымен бірге «Нұрбол И» шаруашылығының да жұмысы өрге басып келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<