Шебердің еңбегі – ұлттың қазынасы

536

0

Қолөнер – ұлттың қазынасы. Онда халықтың үні, тілі, дәстүрі, намысы һәм тарихы сайрап жатыр. 

Кезінде халық күнкөріс қажеттілігіне қарай әр ал­уан бұйым жасады. Ол үшін қаншалықты еңбек етсе, соның арқасында ой-сана жетілді. Тас­тан, саз балшықтан құралдар, ыдыстар жасады.  Кендір, зығыр секілді өсімдіктерден киім, себет, төсеніштер то­қыды. Әртүрлі ағаштардан бас­пана жасауды, үй ішіне қажетті кебеже, сандық, асадал сияқты жиһаздарын ойлап тапты. Сондай-ақ жүннен киім-кешек, кілем, алаша, сырмақ тоқыды. Келе-келе өзі жасаған бойтұмарын әсемдеу үшін бояу және ою түрлерін ойлап тапты. Демек қолөнер – әрбір ұлттың тарихымен сабақтаса дамып келе жатқан халықтық көркем туынды, өнердің өзектісі.

Жалпы қолөнер – шынайы шебердің еңбегі. Темірден түйін түйген қолөнершілер арасында бүгіндері аралдық Құдайберген Құлмамбетов се­кіл­ді саусағынан өнер тамған шеберлер халықаралық, ­рес­пу­­­б­­ликалық көрмелерге қа­ты­­­сып, ұлттық өнерді дәріп­теп жүр. Құдайберген ағаның бұған дейін жасаған бір ғана «Жылан бауыр» білезігі алыс-жақыннан келген шетелдіктердің өзін таңдай қақтырған еді.

Өнерде әркімнің өз қол­таңбасы бар. Сырдария ауданында тұратын кәнігі ағаш шебері Жәнібек Маханбет таланты талайға жеткен на­ғыз қолөнерші.  Сыр талын си­қырлы әлемге айналдырып жіберетін оның жасаған бұйым­дарынан ұлттық на­қыш, ұлттық бояу, қазақы дәс­түрдің ұмыт болып бара жатқан ерекше көріністері ға­жайып үйлесіммен үн қатады. Ағаштан жасалған алуан көріністе Сыр елінің тарихы, бай мұрасы, дәстүрі мен мәдениеті көзге көрік беріп, сезім қиялын көкке көтеріп әкетеді.

Бүгінде қолөнер ше­бер­ле­рінің қатары жаңа есім­мен толықты. Соның бірі – қармақ­шылық жас шебер Самат Өскелеңов. Көздің жауын алатын кәдесыйларды ағаш пен мүйізден жасайды. Қолдың ебі, жүйкенің шыдамдылығы мен шығармашылық қабілетті қажет ететін іске өте сақ әрі ықтиярлықпен қарайды. Әрине, сапалы шығу үшін. Сондықтан болар қолөнершіге тапсырыс берушілер саны артқан. Кәдесыйларының көпшілігі қобызбен үндес. Себебі, жыр өңіріне келген жұртшылықтың осы композицияға сұранысы жоғары.

– Біздің жасаған дүниелер ата-бабаларымыздың жұмыс­тарынан әлдеқайда төмендеу. Ол кезде қарапайым құралдар арқылы халықтың сұранысын өтеген. Біз тек солардың үлгілерін түрлендіріп, заманға сай жаңғыртудамыз. Ұлттық қолөнер – бабадан қалған мә­дени мұраның ең асыл құнды қазынасы. «Өнер көзі халықта» деген, алдымен өнерді халықтан үйреніп, көне мұраны жаңғыртып, ізденіп, іске асыру перзенттік парызымыз, – дейді ол.

Мұнан бөлек, Самат бесік, домбыра және үй жиһаздарына тапсырыстар қабылдайды. Тіпті жиһаздарды жиналмалы үлгіде де жасауға машықтанған.

Ой-сананың ұшқырлығын шебер кестелейтін мұндай қол­өнершілер Сыр елінде аз емес. Киіз басу, кілем тоқу, ши, өрмек жасау, тері илеу мен темір, ағаш ұсталығы қанға біткен қасиеттей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып ке­леді.

Басы ашық бір нәрсе бар. Қазіргідей дамыған техногенді заманда әлдебір әшекей не темірден жасалған бұйым болмасын адамды тамсандыру таңсық емес. Өйткені, құралдың қуаты күшті, мүмкіндігі зор. Ал көненің көзіндей, табиғи шеберлікпен жасалған бұйым бұқараны елең еткізбей қоймайды. Ол – нағыз өнердің өзі.

Халықта «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» деген қанатты сөз бар. Сырдың бойында қалыптасқан жолмен түрлі мерекелерде қолөнер шеберлерінің еңбегін бағалайтын көрмелердің тұрақты өткізіліп тұруы, бұл өнердегі жетістіктің айғағы, дәстүр жалғастығының белгісі. Өйткені, бағалы қазыналардың ел байлығы екенін таныту үлкен міндеттің бірі.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<