SHELL компаниясының басшылығымен кездесті

439

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Shell компаниясының бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен және газ, ЖЭК, энергетика салаларындағы кешенді шешімдер бөлімшесінің директоры Уаэль Сауанмен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында энергетика және мұнай-газ секторларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын одан әрі игеруге ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада қызметінен босайтын Бен ван Берденге Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ аталған компанияның басшылығына келетін Уаэль Сауанға табыс тіледі. Президент оның қызметі елімізбен өзара тиімді серіктестікті дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы мұнай-газ өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Бен ван Берденді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Самарқанд қаласына сапар

10-11 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін жұмыс сапарымен Самарқанд қаласында болады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Жиын барысында мемлекеттер басшылары ТМҰ аясындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырады.

Сондай-ақ саммит қатысушыларымен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

КӨҢІЛ АЙТТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті публицист, белгілі сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбектің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Көпен Әмірбекұлы бірқатар республикалық басылымда ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеді. Ұлттық сатира жанрының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Көпен Әмірбекұлының есімі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<