Ширек ғасыр және астаналар туралы

714

0

Елімізде 1998 жылдан бастап Астана күні аталып өтеді. Биыл ел астанасы, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының іргетасы қаланғанына 24 жыл толып отыр. Осынау ширек ғасырға жуық уақыт шеңберінде жаңа елорда жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын саяси әлеуеті мықты іргелі орталыққа айналды. Осы орайда қазақ елінің арғы-бергі тарихында астана мәртебесін иеленген қалалар жайлы деректерге шолу жасаған едік.

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ елінің 1920 жылғы астанасы – Орынбор қаласына дейін де жеті астанасы болған екен. Айталық, Батыс Түрік қағанатының астанасы болған Суяб қаласы, Қарахан мемлекеті тұсында Баласағұн, Қарлық қағанатында Қойлық, Оғыз мемлекетінде Янгикент (Жанкент), Қыпшақ хандығы кезінде, одан кейін (Ақорда мемлекеті, Қазақ хандығы) Сығанақ қаласы, Қазақ хандығының саяси және рухани астанасы Түркістан шаһары, сондай-ақ, Алаш Орда мемлекетінде Алаш қала секілді астаналар болған. Ал ХХ ғасырдан бері (кеңестік кезең тұсында) Қазақстанның төрт астанасы болғанын білеміз. Оның алғашқысы – Орынбор қаласы.

1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз» (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» Декрет қабылдады. Онда Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылып, Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. Орынбор өлкесі ол кезде қазақ жерінің құрамдас бір бөлігі саналатын. Онда А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Б.Қаратаев, М.Дулатов, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, ағайынды Сейдалиндер сынды қазақ зиялылары ғұмыр кешіп, ел болашағы жолында өлшеусіз еңбек еткен. Алғашқы «Қазақ» газеті және «Айқап» журналы осы Орынборда басылған.

Ал, 1925 жылы Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Осыған орай Қазатком сессиясы (қыркүйек, 1924) ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы қабылдайды. Алайда Мәскеудің араласуымен, республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады. Сол жылғы  Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту, ал республика астанасы – Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдаған.

Қазіргі Қызылорда қаласының аты бұған дейін бірнеше рет өзгерген. Айталық, 1818 жылы – Ақмешіт, 1853 жылы – Перовск, 1922 жылы – қайтадан Ақмешіт, ал 1925 жылы Қызылорда қаласы деп аталды. Қаланың аты қанша өзгергенмен, Сыр өңірі  өзіндік тарихи келбетін сақтап, ұлттық мүдденің тоғысқан ордасына айналды.

Бұл күнде 200 жылдан астам тарихы бар Қызылорда қаласы – әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, мәдени, рухани тұрғыдан даму деңгейі көп аймақтан көш ілгері, заман талабына сай сәні мен сәулеті келіскен, 300-мыңдай халқы бар, ынтымағы мен бірлігі жарасқан іргелі шаһар.

Алматы – 1921 жылға дейін Верный, Алмалы, бүгінде Алматы аталатын Қазақстанның ең үлкен қаласы. Қала Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Бүгінде Алматы қаласында 2 млн-нан астам халық тұрады.

Тянь-Шань жоталарының етегінде орналасқан әсем қала көктем маусымында жасыл желекке бөленіп, жеміс-жидегі тамылжып, ғажайып  ертегі қалашығына айналады. Өйткені Алматы қаласының атауы да «алма» сөзінен шыққан, яғни, осы жерде аты әлемге танымал, ерекше сортты апорт алмасы өсетіні – қала атауына тікелей әсер етіп тұрғанын аңғару қиын емес. Қала кіші және үлкен Алматы өзендерінің алқабында орналасқан. Осынау тау өзендері қаланы сумен қамсыздандырудың басты көзі болып саналады. Сондай-ақ, қаланың қысы-жазы құлпырып тұратын көркем табиғаты және тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерді де ерекше қызықтырады.

1997 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес елорда Астана қаласына көшірілді. Ал, Алматы қаласы – елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы болып қала берді.

Бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының тарихы 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. Бекініс 1862 жылы Ақмолинск аталып, қала мәртебесін алған болса, арада бір ғасыр өткенде, яғни, 1962 жылы қалаға Целиноград атауы берілген.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында (1997 жылы) Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. Арада бір жыл өткенде, 1998 жылы қазақ елінің жаңа елордасы жарияланып, атауы – Астана болып өзгертілді. Осы жылы Қазақстанның жаңа елордасы – Астана күні халықаралық деңгейде аталып өтті. Осы мереке аясында ЮНЕСКО халықаралық ұйымының шешімімен, Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» атағы берілді. Айта кетейік, бұл атақ жаңа астананың қысқа мерзім ішіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени даму көрсеткішіне, сонымен бірге, халықаралық қарым-қатынас алаңында ынтымақтастық пен саяси тұрақтылықты қалыптастыруға қол жеткізгені үшін берілген.

Елорда бүгінде еліміздегі саяси, мәдени қарым-қатынастың басты тұғырына айналса, сол секілді, халықаралық іскерлік және  ғылыми даму бағытына жол ашты.

Бой көтерген асқақ та әсем ғимараттар, сәулеті келіскен  архитектуралық туындылар  астананың ажарын айшықтай түскен. Айта кетейік, ерке Есілдің бойынан ерекше жарасым тапқан елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері  қатар өрілген. Иә, жаңа астананы салуда экс-президент Н.Назарбаевтың еңбегі ерекше. Оның ұсынған идеясын  белгілі жапон сәулеткері,  шаһардың бас жоспарының авторы Кисе Курокава сәтті іске асыра білген. Ал, астананы Арқа төсіне көшірудің саяси астары бар екені де ақиқат.

 Әлбетте, жаһандық өркениетке ұмтылған ХХІ ғасырда білім мен ғылымның бағасы биіктеп, бәсеке алаңы да ұлғая түскені анық. Бұл орайда Қазақстанның елордасы елдің барлық өңіріндегі талапкерлер үшін жаһандық деңгейдегі озық идеялардың орталығы болып отыр. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті, Н.Назарбаев университеті секілді іргелі оқу орындарында тек еліміздің ғана емес, шет елдердің де жастары келіп, білім алуда.

 Дайындаған

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<