Ширек ғасырда шыңдалған

544

0

Қызылорда Ашық университетінің «Қызылорда технология және қызмет институты» құрылымдық бөлімшесі отандық экономика үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауды жүзеге асырып келеді. Жоғары оқу орны әлемдік ғылыми білім кеңістігінде интеграцияланған білім беруге жол ашты. Негізгі бағытының бірі – ҚР Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру.

Жоғары оқу орнының құрылғанына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасырлық тарих бедерінде алған асуы мен бағындырған белесі аз емес. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлап, материалдық-техникалық базасы нығайды. Оқу орны мүмкіндігін одан әрі дамыту үшін көптеген жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің лицензиясына сәйкес бакалавриаттың 18 білім беру бағдарламасы бойынша қызмет жүргізеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Қызылорда Ашық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академигі Қылышбай Бисенов айтты.

– Оқу орнының ғылыми-инновациялық даму бағыты, шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық байланысы, болашаққа құрған жоспары көп. Қызылорда технология және қызмет институтының 25 жылдық мерейтойы аясында ауқымды шаралар өткізілуде. Жоғары білікті кадр даярлаудағы негізгі фактор – қазіргі заманғы материалдық-техникалық базаның болуы. Осы орайда институт заман талабына сай оқу кабинеттерімен, зертхана, шеберхана, компьютерлік сынып, интернет жүйесіне қосылған компьютерлік парк, лингофон кабинеті, мәжіліс және спорт залы, музей, асхана, дәрігерлік пунктпен жабдықталған.

Қазірге дейін институтта кітапхана салынып, 2014 жылы жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. 2016 жылы үш қабатты оқу ғимараты бой көтеріп, одан кейін жаңа оқу-зертханалық кешен іске қосылды.

– Оқу ордамыздағы техникалық жабдықтардың уақыт талабына сай болуы – сапалы, білімді мамандар даярлаудың негізі. Біздің басты мақсатымыз – кәсіби біліктілігі жоғары және бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау, – деді Қылышбай Алдабергенұлы.

Институт базасында «Бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастырудағы цифрлық технологиялардың рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<