Синоптиктер тамыз айында ауа райы қандай болатындығын айтты

678

0

Қазгидромет тамыз айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тамыз жаз маусымын аяқтайды. Күннің ұзақтығы тамыз айында солтүстік облыстарда 2 сағатқа, оңтүстік облыстарда 1 сағат 20 минутқа қысқарады.

Еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы тамыз айында шілде айынан +2+2,5°С, ал оңтүстік облыстарда 1°С төмен.

Қазақстанның солтүстігінде орташа айлық ауа температурасы +16+20°С құрайды және оңтүстікке қарай +27+29°С дейін жоғарылайды. Тау бөктеріндегі аудандарда биіктеген сайын ауа температурасы төмендейді +24°С дан (теңіз деңгейінен 450 м биіктікте) 7,5°С дейін ( 3 км биіктікте).

Ауа райының консультативтік болжамына сәйкес жаздың соңғы айында ауа температурасы климаттық норма шамасында күтіледі. Жауын-шашынның едәуір көп болуы және қатты құрғақшылық, әдетте, тамыз айында сирек кездеседі.

2020 жылғы тамыз айы да басқа жылдардан ерекшеленбейді: жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батыс бөлігінде, сонымен қатар Алматы облысының тау және тау бөктерлі аудандарында – нормадан көп, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және Ақтөбе облысының оңтүстігінде – нормадан аз болады.

Тамыздың бірінші онкүндігінде тұрақсыз ауа райы циклондармен, атмосфералық фронттармен байланысты болады, олардың өтуі қысқа мерзімді жауын-шашынға, батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда күшті жауын-шашын, сондай-ақ желдің күшеюіне әкеледі. Найзағай құбылыстары мен бұршақтың түсуі шілде айына қарағанда аз болады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасының басым бөлігінде ауа температурасының жоғары фоны болжанады: түнде +15+25°С шамасында, күндіз +27+37°С, оңтүстікте +40°С дейін жоғарылайды.

Тек батыста, шығыста және оңтүстік-шығыс аумақтардың таулы аудандарында, Скандинавия мен Таймыр аудандарынан суық ауа массаларының енуіне байланысты бірінші онкүндіктің ортасында ауа температурасы түнде +10+15°С-қа дейін, күндіз +20+27°С-қа дейін төмендейді.

Екінші және үшінші онкүндіктерде жаңбырлы және салқын күндер ыстық және аз бұлтты күндермен ауысады.

Еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасының ауытқуы түнде +12+20°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +23+30°С-тан +15+23°С-қа дейін, ал оңтүстік жартысында және батысында түнде +15+23°С-тан +10+18°С-қа дейін күндіз +30+39°С-тан +23+30°С-қа дейін күтіледі.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<