СӨЙЛЕ ТІЛІМ ЖОСЫЛЫП…

273

0


Сыр елі мекен байырғы,
Өлеңге жұрты байыды.
Мұрасын жырмен қалдырған,
Шораяқтың Омары,
Алты Алаштың шайыры…!
Бүгін Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен Сыр сүлейі, даңқты шайыр дүр Омар Шораяқұлының 145 жылдығына арналған «СӨЙЛЕ ТІЛІМ ЖОСЫЛЫП…» атты облыстық жыршы- жарулар фестивалі ұйымдастырылып, жоғарғы деңгейде аталып өтті.

Жыр фестивалін аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушысы Мырзабаев Нұрбол Төлендіұлы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жыр фестиваліне Қармақшы ауданынан Сыр сүлейі шайыр Омар Шораяқұлының ұрпағы Дінислам Тоқсанбаев, Балтабай Бедебаев, Зауре Кәрібаева. Жарқынбек Тұрымбетовтер, Қызылорда қаласынан Әділхан Қуаңбаев, Болат Баймұратов, Сырдария ауданынан Алмат Өтеуовтер Омар Шораяқұлының шығармаларын Сыр мақамдарымен нақышына келтіре орындап, көпшілік тыңдарман қауымның көңілінен шықты.

Жыр фестиваліне ақынның ұрпақтары Сабытбек Жолмаханов, Серік Ыдырысов, Дәулет Тоқсанбаевтар арнайы шақыртумен қатысып, рахмет лебіздерін білдірді. Омар Шораяқұлы мен Қадыр жыраудың өзара туыстық, шығармашылық байланыстығын айта келіп Қадыр жыраудың ұрпағы Тәшбай қария барша жыршы- жырауларға ақ батасын беріп, тарқасты.


Мәңгілік өмір жүрегі, заманалар мен ғасырлар тірегі, жыр боп жауһарланған Қасиетті Қармақшы өлкесі – өлмес өнердің отын жаққан киелі мекенде жыр керуенінің көші тоқтамағай!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<