Сөз бәйгесінде Сыр ақындары алға озды

4149

0

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары аясында Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы ақындарының арасында «Әділ сөздің алдаспаны» атты республикалық командалық айтыс өткізілді.

Сонымен бірге бұл айтыс Қазақ елінің бірлігін нығайтуға ерекше үлес қосқан үш бидің бірі, дара шешен, биік тұлғалы би Әйтеке Бәйбекұлының 380 жылдығы құрметіне арналды.

Айтыстың беташарында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, халық өнерін қастерлеген көпшілікке игі тілегін арнады. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев командаларға сәттілік тіледі.

Аламан бәйгені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.

Дүбірлі додада қос өңірдің ақындары айтыстың түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы жанрларында сынға түсті. Сондай-ақ жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер іс-шараның көрігін қыздырды.

Атап айтсақ, Шымкент қаласынан келген ақындар Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жарылқап, Әнәпия Нұрғали мен жыршы Абылай Бөріханов, термеші Ербол Халмырзаев, күйші Қайырбек Қалиев, дәстүрлі әнші Тұрар Алменов өнер көрсетті. Өнерпаздардың бапкері Анар Жаппарқұлова, таныстырушысы Батырхан Байданов болды.

Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов, Ержан Әміров, Мөлдір Айтбай, Бексұлтан Орынбасаров сынды ақындар додаға түсіп, жыршы Бисенбек Төлеубай, термеші Әділхан Қуаңбаев, күйші Алдияр Шағдатов, дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева көрермендерге рухани демалыс сыйлады. Қызылордалық сайысқа қатысушылардың бапкері – Нұрмат Мансұров, таныстырушы – Нөсер Айдосұлы.

Командалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған топ қазылық етті. Қазылар құрамында профессор, айтыстанушы ғалым Қойлыбай Асанов, ЕНУ-нің кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазин, ақын Құдайберлі Мырзабеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық артисі Рамазан Стамғазиев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, жыршы-термеші Ерболат Шалдыбаев бар.

Өнер бәйгесінің қорытындысымен Қызылорда облысының командасы алға шығып, келесі айтыс айналымына жолдама алды. Екі командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әр ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды. Командаларды таныстырған кішкентай өнерпаздарға үкілі домбыра сыйға тартылып, Аманжол Әлтаев батасын берді, өнер жолындағы тұсауын кесті.

Жеңімпаз атанған Қызылорда облысының командасына Қазалы ауданы әкімдігінің Әйтеке бидің 380 жылдығына тағайындаған «Бабалар аманаты» атты арнайы сыйлығы тапсырылды.

Айтыс облыстарда жүрген айтыс ақындары мен дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылық дамуына жағдай жасау, ұлттық өнер өкілдерінің рухани-мәдени әлеуетін жақсарту, әр облыс өз жетістігін жырлау арқылы халықты еліміздің табысымен, тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздерін, Республика күні мен Тәуелсіздік күнін, Астана қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінің жетістіктерін халыққа насихаттау, тыңдаушы көпшіліктің рухани дүниесін байыту тұрғысындағы өз мақсатына жетті. 

Халықты бірлікке, отансүйгіштікке, білім мен мәдениетке, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарды қадірлеуге шақыратын бұл айтыс осы кезеңнен бастап жыл бойы өткізіліп, дәстүрге айналатын болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<