Сол жағалауда тағы он үй салынуда

402

0

Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Көпқабатты тұрғын үйлер күн санап артуда. Құрылыс басында атқарылып жатқан жұмыстар жайын қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңіс Файзуллаев  кеңінен айтып берді.

Қала тұрғындарын жайлы баспанамен қамту ұдайы жалғасып келеді. Салаға өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен 10 млрд  122,1 млн теңге бөлінді.

– Сырдария өзенінің сол жағалауында былтыр жеті көпқабатты 84 пәтерлік 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл «Отбасы банк» арқылы жүзеге асты. Бағдарлама биыл да жалғасады. Қазір осы жаңа шағын ауданда 400 пәтерлік көпқабатты он тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жұмыс былтыр басталған, биыл мамыр айында толық аяқталмақ.

Сонымен қатар қосымша 570 пәтерлік 12 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік осал топ санатындағы  азаматтарға пәтерлер пайдалануға берілді. Баспанасы апатты деп танылған тұрғындарды жаңа үйге көшіру сәтті жүзеге асырылуда. Қазір «Титов» қыстағында 135 пәтердің құрылысы аяқталды, келер айдан бастап тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстанады. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Көктемде  осал топ санатындағыларға арналған 135 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталады. Қаражат мәселесі толығымен шешілген. Тек ауа райының жылынуын күтіп отырмыз. Бұл тұрғын үйлердің барлығы да қажетті инфрақұрылым, яғни су, жылу, электр, телефон желілері және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі,  –дейді бөлім басшысы.

Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызу жүруде. Құрылысты «Орион», «Интегрострой», «Техаснастка Ремсервис», «Авангард ПГС», «ПромстройСервис Е», «Асар», «АманҚұрылыс» мекемелері жүргізуде. Қажетті материалдардың басым бөлігі отандық.

Баспасөз туры барысында бес көпқабатты тұрғын үйдің ішкі жұмыстарын көріп шықтық. Жобаға сәйкес тұрғын үйлердің кіреберіс жолы кеңейтілген, үй ауласы көлік тұрағымен, спорт және балалар ойын алаңдарымен, демалыс аумақтарымен толық қамтылады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<