Сол жағалаудағы серпін: Қан орталығы

611

0

Кейінгі уақытта Сыр өңірінде медициналық нысандар құрылысы ерекше қарқын алды. Солардың қатарында өткен жылы іргетасы қаланған, қаланың сол жағалауында орналасқан Қан орталығы бар.

Нысанның жобалық құны – 2,5 млрд теңге. Бас жобалаушы – «Крез-Сервис» ЖШС. Ал мұндағы жұмыстың уақытылы әрі сапалы бітуіне жауапты – «СК Дәнекер» ЖШС. Өткен жылы құрылысты бастаған мердігер мекеме биыл жұмысты жалғастыруда.

– Қан орталығының құрылысын былтыр тамыз айында бастадық. Қыста  құрылыста  30 адам  жұмыс істеді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс баяулаған болатын. Күн жылынғасын қайта қарқын алды. Қазір мұнда 60 адам еңбек етуде. Барлығы – жергілікті  тұрғындар. Айлық 130-170 мың теңге аралығында. Жаз айларында жұмысшы санын 180-200-ге дейін көбейтпекпіз, – деді «Дәнекер  құрылыс  компаниясы»  ЖШС-ның  атқарушы  директоры  Жоламан Спанов. 

Айта кету керек, жоба барысында қолданылатын құрылыс заттарының 90 пайызы – қазақстандық өнім. Мәселен, тас, гравий, щебен, цемент, кірпіш,  жабынды  плиталар жергілікті өндіруші  зауыттардан алынады. Ал арматура сияқты облыста өндірілмейтін заттар  тапсырыс  бойынша сырттан әкелінеді. Мердігер мекеме мамандары жұмысты еңсеруге техника жеткілікті екенін айтып отыр.

Үш қабатты ғимарат заманауи архитектуралық талаптарға сай салынуда. Бүгінге дейін бас корпустың (А және Б блогы) жерасты  жұмыстары  толық аяқталған. Қос блоктағы бөлмелердің қабырғалары темір бетоннан  құйылып,  жабынды плиталары монтаждалыпты. А блогындағы 1-2 қабаттың бағаны мен ригельдері бетоннан құйылса, Б блогындағы 1-2  қабат толық кірпіштен өріліпті. Тағы бір біткен іс – электр қуатының трансформаторлық  подстанциясы. Ол да толық салынып, қашықтығы  2,3 шақырым  болатын  жоғары  кернеулі  кабелі  екі  желімен  жүргізілген.

Құрылыс басында атқарылып жатқан қазіргі жұмыстар туралы  учаске басшысы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Қалдыбек  Әбдіреев баяндап берді.

– Дәл қазір А блогындағы 3- қабат бағаналарының арматуралары  тоқылуда. Б блогындағы 3-қабат қабырғаларының кірпішін қалап, терезелерін салып жатырмыз. Сонымен қатар, бес көлікке арналған гараждың  қабырғалары қаланып, плиталары  жабылды. Осылай өзегін тұрғызсақ, алдағы уақытта ішкі-сыртқы жұмысына кірісеміз. Сыртқы бөлігі травертинмен қапталатын болады. Жалпы барлығы талапқа сай, арнайы мекемелердің жіті қадағалауында, – деді тәжірибелі маман.

Қан орталығы – Қызылорда облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан кезекті жоба. Аталған нысан қолданысқа берілгенде Сыр медицинасына елеулі үлес қоспақ.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<