Спорт жаңалықтары

863

0

Хоккей

Құрама орнын сақтап қалды

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Бұл Словения құрамасы Словакиядан 0:1 есебімен жеңілгеннен кейін белгілі болды.

В тобында сынға түсіп жатқан ел құрамасы бұған дейін буллиттен Норвегия мен Словакияны 4:3 есебімен жеңсе, Швейцарияға 0:5, Канада мен Чехияға 1:5, Латвияға 0:7 есебімен есе жіберді.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы екі ойыннан кейін төрт ұпай жинады. Ал Словения қатарынан алты кездесуде қарсыластарына есе жіберіп, бірде-бір ұпайға ие болған жоқ.

Қазақстан мен Словения құрамалары кеше, 22 мамырда өзара шеберлік байқасты. Аталған ойында словениялық хоккейшілер жеңіске жеткен жағдайда да қазақстандықтарды басып оза алмайды.

Осылайша ел құрамасы 2024 жылғы Әлем чемпионатында элиталық дивизионда ойын көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Теннис

Рыбакина рейтингте жағдайын жақсартты

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингті жария етті. Қазақстандық Елена Рыбакина алтыдан төртінші орынға көтерілді. Оған Италия астанасы Римде өткен WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атануы нәтижесінде қол жеткізді.

Қазақстандық теннисшіні үшінші сатыдағы америкалық Джессика Пегуладан небәрі 115 ұпай ғана бөліп тұр.

Ал Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 26-дан 24-ке жоғарылады. Сондай-ақ Жібек Құламбаева көрсеткішін жақсартты, ол қазір 197-орында келеді.

Бокс

Біздің қыздар мықты

15-21 мамыр аралығында Петропавл қаласында бокс­тан әйелдер арасында өткен жазғы спартакиадада қызылордалық спортшылар бір алтын, бір қола медальға ие болды.

Ұлттық құрама сапында сынға түсіп жүрген Гүлсая Ержан 81 келі салмақта топ жарды. Ол қазірге дейін 2022 жылғы Әлем чемпионатында күміс жүлде алса, биыл Азия чемпионы атанды.

Сондай-ақ, жазғы спартакиадада облыс құрамасынан Ақбота Болат 50 келіде үшінші орынға тұрақтады.

Спортшылар №17 олимпиадалық резервтер мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Бас бапкері – Бақытбек Құлбаев.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<