Спорт жаңалықтары

883

0

Ойшылдар ойыны

«Нұрсәт» теннис орталығында «Аралбай Махамбетов мемориалы» шахматтан ҚР балалар кубогының 3-кезеңі басталды.

Шараны салтанатты түрде ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет  Сақтағанов дәстүрлі түрде өтетін жарыстың өскелең ұрпақ үшін маңызы мен спорттың осы түрінен жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. Сонымен қатар, ҚР шахмат федерациясының вице-президенті, облыстық шахмат федерациясының президенті Марат Есенов өз сөзінде 11-рет өткізіліп отырған жарыстың бүгінгідей жоғары деңгейге жету жолын және отандық шахматтың жай-күйін баяндап берді.

Айтпақшы, жарыста еліміздің 16 облысынан келген 250-ден аса спортшы классика, рапид, блиц бойынша шеберлік байқасады. Дода 2 маусымға дейін созылады.

Бакудегі байрақты бәсеке

Әзербайжанның Баку қаласында 2-27 мамыр аралығында теннистен J60 Baku Халықаралық турнирі өтті. Онда Қытай, Түркия АҚШ, Израиль, Өзбекстан, Пәкістан, Әзербайжан, Ресей, Белорусь және Қазақстаннан 70-ке жуық 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бақ сынады.

Байрақты бәсекеде Сыр спортшысы Қозбақ Жақас пен қазақстандық Виталий Зацепин екеуі жұптық ойында чемпион атанды. Олар финалда түрік спортшыларын бірінші және екінші бөлікте 6/2,  6/2 есебімен ұтты.

Бір қызығы, қарсылас шақ келтірмеген екеуі жекелей сында финалда жолықты. Алайда екінші сетте Қ.Жақас айқын басымдықпен жеңіске жетіп, жарыстың абсолюттік чемпионы атанды.

Алда ол Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтетін халықаралық турнирге қатысады.

Әрқайсынан жетеуден

Алматы қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында таэквондодан өткен ҚР чемпионаты аяқталды. Оған 3 қала мен 17 облыстан спортшылар қатысты.

Бозкілемдегі бәсекеде Сыр спортшылары 7 алтын, 7 күміс және 7 қола медаль еншіледі. Біріншілік қорытындысымен сырбойылықтар  командалық есепте жасөспірімдер мен жастар арасында, яғни, қос кезеңде де ІІ орын иеленді. 

Бес күнге созылған тартысты ойынның нәтижесі бойынша сырбойылықтардан 7 спортшы көш бастады. Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында Дінмұхаммед Толыбай, Нұрперзент Саматұлы, Торғын Әлімхан, Назерке Жанаберген және Нұрай Қазнабек үздіктер қатарынан көрінді. Ал жастар арасында Гүлназ Қайбулла мен Тоғжан Қазнабек жүзден жүйрік шықты.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар медаль, кубок, дипломдармен марапатталды.

Ақтөбедегі аламан

Ақтөбе қаласында 26-27 мамыр аралығында парадзюдодан тірек қимыл аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР VI Жазғы параолимпиада ойындары өтті.

Тартысты турнирде Руслан Беркімбай жаттықтыратын Сыр спортшылары тәуір нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, 73 келі салмақ дәрежесінде J2 Олжас Оразалыұлы І орынды қанжығасына байласа, J1 Бекзатхан Дүйсенбеков ІІІ орын иеленді.

Жеңімпаздар  медаль және дипломдармен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<