Спорт жаңалықтары

601

0

Үздік төрттік

Алматы қаласында 14-16 шілде аралығында Каратэден (WKF) ҚР кубогы аяқталды.

Бозкілемдегі бәсекеде Сыр спортшылары 4 алтын мен 6 күміс және 4 қола медаль еншіледі. Жарыс қорытындысымен сырбойылықтар  командалық есепте ересектер мен жастар арасында, яғни, қос кезеңде де ІІ орын иеленді. 

Үш күнге созылған тартысты ойынның нәтижесі бойынша біздің облыстан 4 спортшы көш бастады. Атап айтсақ, ересектер арасында Бақдәулет Құбаш үздіктер қатарынан көрінді. Ал жастар арасында Ерасыл Ниязбеков, Асылхан Ғалым және Сұңқар Қанибек жүзден жүйрік шықты.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар медаль, кубок, дипломдармен марапатталды.

Теннистен жазғы спартакиада

Астана қаласында 8-14 шілде аралығында теннистен ҚР VI Жазғы спартакиада өтті.

Онда 9 облыстан 50-ге жуық спортшы бақ сынады. Тартысты өткен турнирдің жекелей сынында сырбойылықтар қарсылас шақ келтірмеді. Нақтырақ айтсақ, ерлер арасында екі топтан финалға шыққан Тимур Мәуленов пен Ерасыл Ерділдә І орынды сарапқа салды. Жарыс нәтижесімен Тимур чемпион атанса, ІІ орын алған Ерасыл спорт шебері атағын сәтті қорғап шықты.

Ал жұптық ойында екеуі ІІІ орынға қол жеткізді. Бәсі жоғары бәсекеде Қарағанды мен Алматыдан келген ұжымдар алғы шепке шықты. Ал командалық есепте Қызылорда облысы алматылықтарға ғана есе жіберді. Үздік үштікті қарағандылықтар түйіндеді.

– Жарысқа 5 спортшы апардық. Оның екеуі жүлделі оралды. Чемпион атанған Тимур Мәуленов шілде айының соңында «President’s Cup» халықаралық турнирінде еліміздің намысын қорғайды. Қазақстан теннис федерациясының атынан спортшыларға, яғни, І орынға 350 мың теңге, ІІ орынға 250 мың теңге ақшалай грант берілді. Ал командаға кубок табысталды. Айта кетейін, биыл командалық есепте алғаш рет ІІ орыннан көрініп, үздік нәтиже көрсете алдық, – деді жаттықтырушы Қанат Нұрмахан.

Халықаралық турнир жүлдесі

Сербия елінің Парачин қаласында 5-15 шілде аралығында «Paracin 2023» – OPEN атты шахматтан халықаралық турнир өтті.

Швейцар әдісі бойынша өткен байрақты бәсекеге 29 елден 170 шахматшы қатысты.

Жерлесіміз Назерке Нұрғали әйелдер арасында І орын иеленіп, гроссмейстерлік тағы 1 ұпай еншіледі. Еске салайық, ол бұған дейін Баку қаласында өткен халықаралық жарыста алғашқы ұпайын алған болатын. Шахмат стандарттарына сәйкес гроссмейстер атану үшін үш ұпай еншілеу керек.

Әлем біріншілігінде топ жарды

Астанада 14-17 шілде аралығында «Beeline Arena» спорт кешенінде белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасында Әлем чемпионаты өтті.

4 күнге созылған бәсекеге 30 елдің 250-ге жуық спортшысы қатысты. 76 келі салмақта бақ сынаған Сыр спортшысы Арайлым Оразбай бас жүлдені қанжығасына байлап, халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын алды.

Оның ізінше Назерке Әбілтаева ІІІ орын алса, ерлер арасында сәттілік сәл жетіспеген Жандос Әбубәкіров ІІ орын және Айберген Алдаберген ІІІ орынды қанағат тұтты.

Айта кетейік, жалпы есепте Ресей құрамасы топ жарса, Қазақстан құрамасы 6 алтын, 4 күміс және 13 қола жүлдеге қол жеткізіп, ІІ орын алды. Үздік үштікті Түрікменстан түйіндеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<