Спорт жаңалықтары

685

0

Айдос Сұлтанғали – чемпион

Германияның Дортмунд қаласында өткен грек-рим күресінен «Grand Prix of Germany» халықаралық турнирінде қазақстандық Айдос Сұлтанғали (60 келі) чемпион атанды.

Ел құрамасынан Айдос Сұлтанғали (60 келі) финалда АҚШ балуаны Эльдар Хафизовпен шеберлік байқасты. Қызылорда облысының атынан сынға түскен балуан қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсіп, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Ал астаналық Марлан Мұқашев финалда украин Никита Дементьевке есе жіберіп, күміс жүлде иеленді.

Сондай-ақ, шымкенттік Мейрамбек Шермағанбет (67 келі), қарағандылық Ибрагим Магомадов (72 келі), Алматы облысынан Демеу Жадраев (77 келі), шымкенттік Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлдегер атанды.

Бұл жарыс – грек-рим күресінен ұлттық құрама бапкері Юрия Мельниченконың тұсаукесер турнирі. Ұлттық құрама Германиядан кейін бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу мақсатында Әзербайжан еліне аттанады.

Қызылордалық таэквондошы қола алды

Оңтүстік Кореяда таэквондодан халықаралық турнирде қызылордалық Ботакөз Капанова үздік үштіктен көрінді.

Дүбірлі додада 49 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз жақсы ойын көрсетті. Дегенмен финалға шығудан шет қалып қойды. Оны Н.Курноскин дайындады.

2 алтын, 1 күміс

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Құрлықтық додада қызылордалық спортшылар 2 алтын, 1 күміс олжалап қайтты.

Ересектер арасында Ақерке Кенжебекова классика, Ермұхамед Әлайдар рапид түрінен чемпион атанды. Ал жастар арасында Дамир Ахметов рапид түрінен 3-орын иеленді.

Үстел теннисінен сынға түсті

Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында облыстың 85 жылдығына орай спорт мектептері басшыларының арасында үстел теннисінен өткен облыстық турнир өз мәресіне жетті.

Тартысты өткен жарыс қорытындысымен №12 Сырдария ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Досхан Рахманбердиев  жүлделі 1-орын иеленді. Одан кейінгі орындарға Ғ.Мұратбаев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Алмат Қодаров,  жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Бағдат Қаленов қол жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<