Спорт жаңалықтары

474

0

Нора Джеруто Қазақстанға алтын алып берді

Әлем чемпионатында Қазақстан атынан сынға түскен Нора Джеруто туралы екі күннен бері желі біткен «гу-гулетіп» жатыр. Шын мәнінде, жеңіл атлетикадан Қазақстан тарихында алғаш алтын алған қара қыз кім, біздің елге қашан, қалай келді?

Дерек көздерінің айтуынша,  бұл спортшының толық аты-жөні – Нора Джеруто Тануи. 1995 жылы 2 қазанда Кения Республикасының Койбатек округінде дүниеге келген. Фермерлер отбасының мүшесі. 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруге маманданған. Кения кәдімгі айта беретін желаяқтардың отаны емес пе, бәсекелесі көп болғандықтан ол 2017 жылы Қазақстанға келіп, содан бері «Алтай Атлетикс» клубында жаттығады.

Нора Джеруто Тануи 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында тіркелген. Алайда, спортшы жаттығу жұмыстарын әлемдік кәсіби спортшылар шынығатын Кениядағы арнайы таулы базада өткізеді. Бұл базада Жанна Мамажанова және Ұлттық құрама команданың өзге де спортшылары жаттығады деген ақпарат бар. Ал жаттығудан басқа уақытты спортшы Қазақстанда өткізеді, басқа да спорт жарыстарына қатысатын көрінеді.

Қысқасын айтқанда, Қазақстан атынан сынға түскен Нора Джеруто АҚШ-тың Орегон штатында жеңіл атлетикадан өткен Әлем чемпионатында топ жарды. 26 жастағы спортшы кедергілер арқылы жүгіруден 3 мың метрді 8 минут 53,02 секундта бағындырды. Осылайша Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихында алғашқы алтын тіркелді.

Ол спорттағы мансабын 2011 жылы бастаған. 16 жасында бір жарыста алтыншы болып келеді. Сол жылы жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының финалында топ жарады. Бір қызығы, сол жарыста су толы шұңқырға құлаған қыз қайта тұрып, қарсыластарын басып озыпты.

Әлгінде атап өткендей, Нора Джеруто 2017 жылы Қазақстанның «Алтай Атлетикс» жеңіл атлетика клубына қосылады. Спортшы тек 5 жылдан кейін, 2022 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Қазір ол 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде әлемде бірінші орында тұр.

«Жарыс басталғанда эфиопиялық достарымнан сескендім. Себебі олар да мықты. Жеңіс оңай болмады», – деді Нора Джеруто.

Айтпақшы, Орегон штатындағы жарысқа Қазақстан атынан қатысқан қара қыз тек Нора Джеруто емес. Оның қатарында Дейзи Джэпкемей, Кэролин Кипкируи есімді спортшылар бар.

GGG-ге бұйрық берді

Кәсіпқой бокстың да бітпейтін «жыры» көп. Қыркүйектегі өте маңызды кездесуге дайындықты бастап кеткен Головкинге WBA бір міндет жүктеді. Қазақстандық даңқты боксшы Саульмен жекпе-жектен кейін 120 күн ішінде Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізуі керек. WBA осындай бұйрық беріп отыр, деп хабарлайды Prosports.kz Vringe.com сайтына сілтеме жасап.

Осылайша дүниежүзілік бокс ұйымы 40 жастағы қазақстандыққа WBA тұрақты чемпион белбеуінің иегері 39 жастағы кубалық Эрисланди Ларамен жұдырықтасуды міндеттеді.

Головкин бұл жекпе-жекті Канеломен трилогиядан кейін 4 айдан кешіктірмей өткізуі тиіс екен.

Құрлықтық додадан – 3 медаль

Қызылордалық дзюдошылар Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Құрлықтық додада 73 келіде сынға түскен Акбар Алтай татами төрінде тартысты бәсеке өткізді. Қарсыластарының барлығын бет қаратпай ұтты. Нәтижесінде чемпиондық тұғырға көтерілді.

Тағы бір жерлесіміз Жанерке Асқарова ақтық сында қарсыласына есе жіберіп қойды. Осылайша күміс медальды қанағат тұтты. Ал Дина Мұханбет 57 келіде үздік үштікке ілікті.

Спортшыларды жарысқа Қален Қалиұлы, Қайрат Төленов және өзге де бапкерлер дайындады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<