Спорт жаңалықтары

1714

0

Олимпиадаға жолдама беріледі

Кувейттің Эль-Кувейт қаласында 12-23 қаңтар аралығында стенд атудан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама сарапқа салынатын Азия чемпионаты өтеді. Аталған сайыста Сыр өңірінің спортшылары да бақ сынамақ.

Осыған байланысты ел құрамасы Катардың Доха қаласында оқу-жаттығу жиыны дайындығы үстінде. Олардың қатарында Айжан Досмағамбетова, Әлішер Айсалбаев және Илья Пеньков бар.

Ұлттық ойынды ұлықтағандар

Қызылорда қаласында ересектер мен жастар арасындағы аймақтық додаға 7 ауданнан 85 спортшы қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев тілектестігін білдірді.

Ұлттық ойынды дәріптеген сайысқа тәжірибелі спортшылардың барлығы келді. Жарыс барысында алдағы уақытта ел біріншілігіне қатысатын облыс құрамасы жасақталады. Жарыс 12 қаңтарға дейін жалғасады.

Елордада өтетін балуандар бәсекесі

Астана қаласында өтетін күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының ойын күнтізбесі жарияланды. Ел біріншілігі 1-5 ақпан аралығында ересектер арасында грек-рим, әйелдер және еркін күрестен өткізіледі.

Жарыс Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында болады. 

Ұлттық біріншілікте еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар өзара мықтыны анықтайды. Жарыстан кейін Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбұлда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайтын балуандар есімі белгілі болмақ.

Үздік үштіктен көрінді

7-9 қаңтар аралығында Астана қаласында өткен жеңіл атлетикадан ел біріншілігінде қызылордалық Әлайдар Мырзағазиев қола жүлдегер атанды.

Жерлесіміз 2007-2008 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында ядро лақтырудан сынға түсті. Нәтижесінде ол 14 метр 4 сантиметр көрсеткішпен үздік үштікті түйіндеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<