Спорт жаңалықтары

1086

0

Нұрлыханның қола медалі

Қызылордалық дзюдошы Нұрлыхан Шархан Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан «Grand Slam» жарысының қола жүлдесіне ие болды. Ол әлемдік жарыстың кіші финалында швейцариялық Айх Даниэльден басым түсті.

Іріктеу кезеңінде қазақстандық балуан қарсылас шақ келтірмей, өз тобынан үздік шықты. Алғашқы айналымда АҚШ-тан келген Натаниэль Киваны, одан кейін нидерландтық спортшы Майкл Коррелдің жауырнын жерге тигізді. Ширек финалда сербиялық Александр Куколды қосымша уақытта вазари ұпайымен ұтып, жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда екі дүркін Әлем чемпионы, испаниялық Николоз Шеразадишвилиге есе жіберіп, қола жүлде үшін сайысқа түсті.

Халықаралық жарысқа әлемнің 107 елінен 621 дзюдошы қатысуда. Жарыс жеңімпазына әлемдік рейтингте 1000 ұпай, екінші орынға 700, ал үшінші орынға 500 ұпайдан қосылады.

Ел біріншілігінде чемпион атанды

Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы күрес түрлерінен ел біріншілігінде грек-рим күресінен қызылордалық екі балуан жеңіс тұғырынан көрінді.

Жарыстың алғашқы күнінде Олжас Сырлыбай (97 келі) чемпион атанды. Финалда ол қостанайлық Юсуф Мациевті жеңіп кетті.

Сондай-ақ жүлде қорын жерлесіміз Айдос Сұлтанғали (60 келі) алтын медальмен толықтырды. Ол финалда Жетісу облысынан келген Ғалым Қабдунасаровтың осал тұсын тапты.

Аталған ел біріншілігіне еліміздің 20 өңірінен 600-ден астам күрес шеберлері қатысуда.

Осы біріншілікте топ жарған балуандар Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбулда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<