Спорт жаңалықтары

2692

0

Қоржында 31 жолдама бар

Франция астанасы Парижде алауы тұтанатын Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына да санаулы уақыт қалды. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Дүбірлі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы оған спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр.

Қазір ел құрамасы қоржынында 11 спорт түрінен 31 жолдама бар. Оның ішінде бокстан ерлер 6, әйелдер 1, нысана көздеуден 5, садақ атудан 4, семсерлесуден 4, тас жолдағы велоспорттан 3, қазіргі бессайыстан 2, таэквондо 2, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық және батуттағы гимнастикадан бір-бірден лицензияға қол жетті.

Еліміз бойынша Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысының спортшылары бес жолдамадан алып үлгерді. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан облысы 4, Астана қаласы 3, Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстары 2, Ақмола, Қызылорда, Абай, Қарағанды және Түркістан облыстары бір-бір жолдаманы қалтаға басып үлгерді.

Айта кетсек, Олимпиада ойындарына дейін әлі 50-ден аса лицензиялық жарыс бар. Оның ішінде спортшылар Әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және  рейтингтік турнирлерге қатысады.

Құрлықтық додаға қатысатын құрамалар анықталды

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысында бақ сынайтын барлық құрама белгілі болды. Соңғы үш жолдама Ұлттар лигасы плей-офф сатысы арқылы анықталды.

Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы финалында Грекияны пенальтиден жеңіп кеткен Грузия Еуропа чемпионатына алғаш рет жолдама алды. Сондай-ақ Ұлттар лигасы А жолымен Уэльс пен Польша кездесуінің негізгі кезеңі 0:0 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында польшалық футболшылар 5:4 есебімен жеңді.  Ал В жолымен Украина құрамасы Исландиядан 2:1 есебімен басым түсті.

Нәтижесінде Грузия, Польша, Украина құрамалары құрлықтық додада бақ сынайтын болды.

Құрамалардың топқа бөлінуі төмендегіше:

А тобы: Германия, Шотландия, Венгрия, Швейцария.

B тобы: Испания, Хорватия, Италия, Албания.

С тобы: Словения, Дания, Сербия, Англия.

D тобы: Польша, Нидерланд, Австрия, Франция.

E тобы: Бельгия, Словакия, Румыния, Украина

F тобы: Португалия, Грузия, Түркия, Чехия.

Финалдық кезең 14 маусымда Германия мен Шотландия кездесуімен ашылады. Финал 14 шілдеге белгіленген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<