Спорт жаңалықтары

1023

0

Жеңіл атлеттер жүлдесі

Астана қаласында 17-19 қаңтар аралығында жеңіл атлетикадан 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті.

Оған еліміздің облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан  396 спортшы қатысты.

Облыс атынан сынға түскен Ғ.Мұратбаев атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Мирас Жақсылық пен Асылзат Қыдырбай күміс, Сымбат Мырзашқызы мен Аяна Омарбек қола медаль алды.

Қамшыбек Қоңқабаев мансабын аяқтады

Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев кәсіби мансабын аяқтады. Бұл жөнінде Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлім етті.

Қамшыбек 1991 жылы 18 қараша күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатында 2017, 2019 жылдарда екі мәрте күміс медаль иегері атанды.

Сондай-ақ 2022 жылы Жазғы Азия ойындарында екінші орын алса, Азия чемпионатында төрт мәрте жүлдегер қатарынан көрінді. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, ел біріншілігінің чемпионы және жүлдегері. Одан бөлек Қамшыбек кәсіпқой бокста 6 жекпе-жек өткізді. Оның төртеуінде жеңіске жетіп, екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

Еске салсақ, Қамшыбек Қоңқабаев соңғы жекпе-жегін Париж олимипиадасында өткізіп, испаниялық Аюб Гадфа Дриссиден жеңіліп қалды.

Үстел теннисінен үздіктер анықталды

Үстел теннисінен «Абзал және К» жүлдесіне арналған журналистер арасындағы турнир мәресіне жетті.

Биыл алғаш рет өткізілген турнирде бірінші орынды Жаңақорған кенті әкімдігінің баспасөз хатшысы Берік Атақожаев алды. Ал «Қоғам» телеарнасының ІТ маманы Дәулет Садықов екінші орынға табан тіресе, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Әділбек Жаханов үздік үштікті түйіндеді.

«Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болса, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай «Үздік ойыншы» номинациясына лайық деп танылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<