Басты талап – сапа мен нәтиже

253

0

Халық арасында жол сапасына қатысты наразылық көп. Әсіресе, ай аспай аударылып жататын асфальт пен жыл өтпей шұрық-тесік күйге түсетін көшеден мезі болған. БАҚ өкілдері мен қоғкам белсенділері аталған мәселені күн тәртібіне көтеріп, жолдың сапа деңгейіне қадағалау қажетін айтып келеді. Тек 2019 жылы мәселе нәтижеге бастап, Үкімет «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК құруға қаулы шығарды. Арада 4 жыл уақыт өткенде бұл шешімнің оң қадам екеніне көз жетіп, жосықсыз жасалған жолдарды тиюға мүмкіндік туды.

Расында, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жұмысын бастағалы республикадағы ғана емес, аймақтағы жол сапасы айтарлықтай түзелген. Оны қалыпқа келтерген мекеме емес, оның айтқан сыны, келтірген дерегі, сынама қорытындылары. Орталық негізгі мақсаты да осында жатыр. Мердігер мекемелердің жол құырылыс жұмыстарын бақылап, тиісті тексеріс жүргізу. Оған қоса жол белгілерінің талапқа сай орналасуы да назарға алынады. Бәрін рет-ретімен тарқатайық.

Айтып өткеніміздей, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жөндеуден өтіп жатқан немесе жаңадан салынған автожолдың сапасын сараптайды. «Қабылданған құжатқа сай ма?», «Асфальт құрамы қаншалықты талапқа сай келеді?», «Битум бітімі қалай?» деген сауалдарға зертханалық тексеріс жүргізіп, нәтиже шығарады. Егер жол құрылысын бақылау үшін алынған сынамадан сын табылса, тапсырыс беруші мекеме мен мердігер компанияға арнайы хат жолдайды. Сәйкесінше, мердігер олқылықты мойнымен көтеріп, түзетуге мерзім белгіленеді. Ал әлдеқашан салынып біткен жолдан жүйесіздік байқалса, кепілдік бойынша мердігер мекеме жауапкершілігіне алады. Міне, осындай тиімді шешім аясында жұмыс істейтін орталық жол инфрақұрылымының дамуына септігін тигізуде.

Сөзіміз дәйекті болу үшін мысал келтіре кетейік. Бүгінге дейін аймақтағы 150 нысан тексеріліпті. Нәтижесінде сала мамандары 1373 сынама алып, оның 460-ы нормативке сәйкес келмеген. Аталған кемшілікті көзге көрсету арқылы 32,5 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген екен. Жалпы, жыл басынан бері орталықтық облыстағы филиал мамандары жолдың 2190 шаршы метр астыңғы қабатынан, 11681 шаршы метр жол жабындысынан және 2259 тонна инертті материалдардан ақау тапқан. Саладарынан 205 млн 473 мың теңге шығын келген.

Демек, тексеріс ғана емес, тиісті мекемеге хат жолдау, олқылықты қалпына келтіруді талап ету де жүйелі жүруде. Мысалы, өткен жылы облыстық бақылау жөніндегі басқармаға 10 жол нысанына қатысты хат жіберіліп, бір техникалық қадағалаушыға 180 айлық есептік көрсеткіш (551 мың 340 теңге) айыппұл салынған. Тіпті, жарты жылға лициензиясынан айырылған.

Талап қоя үшін тексеріс сапасы көңілден шығу қажет. Осы мақсатта орталық өзінің материалдық базасын жасақтауға көңіл бөлуде. Мәселен, биыл «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филалының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Оған қоса заманауи зертхана жабдығы толықтырылып, жыл басынан бері 50-ден астам құрал-жабдық сатып алынған екен.

Есте болса, Мемлекет басшысы жол инфрақұрылымын дамытуға қатысты тапсырма берген болатын:

«Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс», – деген еді. Демек, алдағы бірнеше жылда жол құрылысы қарқын алмаса, бәсеңдемесі анық. Ал ол жолдардың сапа деңгейін бағамдау аталған мекеменің негізгі міндетінің бірі. Асфальт құрамына толыққанды тексеріс жүргіп, жөнсіз жасалған жұмысты дәлелдесе, жүйелі жоспардың оң өзгеріс әкелері белгілі.

Салаға маман тарту ісі де мекеме назарынан тыс қалмаған. Жастарды салаға шақыру, жол саласын насихаттау мақсатында «2000 мектеп» жобасы бастау алған. Орталық мамандары Қазақстанның әр аймағын аралап, мектеп оқушылармен кездесу ұйымдастыруда. Басқосуда жол саласының қыр-сыры айтылып, жас өрендердің қызығушылығын оятатын насихат айтылады. Мысалы, биыл облыстық филиал қызметкерлері Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарында болып, 54 мектепті аралаған. Оған қоса онлайн форматтағы кездесу де жетерлік.

Студенттермен де жұмыс жүйелі. Мамандардың салаға жанашырлығы әрі еңбек нарығын бағамдай білуінің арқасынжа Қызылорда қаласындағы  И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде жаңа мамандық ашылды. «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» деп аталатын мамандыққа жыл сайын 25-ке жуық студент оқуға түседі екен.

Биыл жол инфрақұрылымына қатысты республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 36 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл – былтырға қарағанда екі есе көп сома. Бұған ұзындығы 569 шақырым автожол, көшелер және көпірлер жөнделуде. Егер қаржы толық игеріліп, өңірдегі биыл бітуі тиіс жол құрылыстары уақытында аяқталса, облыс пен аудандық маңыздағы жолдардың индикаторлық көрсеткіші 87,5 пайыз болмақ. Жыл соңына дейінгі меже осы.

Сонымен, жол құрылысы жандануда. Қызылорда облысындағы жобалар да көңіл қуантады. Мәселен, жақында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанындағы көлік айрығының құрылысы аяқталса, «Қызылорда-Жезқазған» жолы қарқынды жалғасып келеді. Осындай сындарлы сәтте «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК секілді мекеменің ықпалы мен нәтижесі жол инфрақұрылымына айтарлықтай ілгерілеу әкелеріне сенім мол.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<