Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудың маңыздылығы

330

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 13 сәуірде мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.

Жарлықта мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделділігін арттыру, атқарушы билік қызметін шамадан тыс заңнамалық реттеуді болдырмау, құжат айналымы мен есептілікті қысқарту, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен дербес жауапкершілігін арттыру көзделді.

Бүгінгі күні мемлекеттік аппараттың жұмысында сөзбұйдалық пен төрешілдік көріністеріне жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың уәкілеттілігіне кешенді талдау жүргізіп, олардың тиімділігін арттыру қажеттілігі өзекті мәселе болып отыр.

Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында талдау және мониторинг жұмыстары жүргізілді. Талдау жұмыстарының аясында сауда және қаржы салалары зерделеніп, бюрократиядан арылту бағытында 15 ұсыныс әзірленді.

Сонымен қатар, Департамент рұқсат беру рәсімдері мен монополияға қарсы заңнаманы бюрократиядан арылту, өндірушілерге, экспорттаушыларға, импорттаушыларға және жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты әкімшілік рәсімдерді бюрократиядан арылту бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіп, Агенттікке жалпы 21 ұсыныс жолдады.

Тұрғындардың, бизнес субъектілерінің, тіпті кейбір мемлекеттік қызметшілер арасында бюрократиялық кедергілер бойынша ұсыныс берілгенімен, жоғары тұрған заң шығарушы органдардан қолдау таппайды деген қате түсінік қалыптасқан. Алайда, бұл қате түсінік.

Мысалы, осы кезге дейін Агенттікке жолданған 21 ұсыныстың ішінен 15-і қолдау тапты. Мәселен, мемлекеттік аппараттың сервистік және клиентке бағдарланған қызметі бойынша келесі мән-жайлар анықталды.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығымен бекітілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағының нысанында бас дәрігердің қолы талап етілген.

Талдау кезінде, еңбекке жарамсыздық парақтарына бас дәрігердің орнына емхананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қол қоятындығы, ол өз кезегінде науқасты көрмей, тек тиісті дәрігердің қолы болғанына сүйеніп шешім қабылдайтындығы белгілі болды. Яғни, бас дәрігердің парақшаға қол қоюы формальды сипатта жүргізілген. Одан бөлек, аудан орталығынан 50 км қашықтықта орналасқан елді-мекен амбулаторийінде 2021-2022 ж. ж. 249 еңбекке жарамсыздық парағы ашылған. Еңбекке жарамсыздық парағын жабу үшін азаматтар бас дәрігердің қолын қойдыруға аудан орталығына баруға мәжбүр болған.

Аталған рәсімді бюрократиялық кедергі деп тауып, еңбекке уақытша жарамсыздық парағының нысанында бас дәрігердің қолы болу талабын алып тастау жөнінде ұсыныс берілді. Нәтижесінде бас дәрігердің қолы электрондық нысанда қойылатын болып шешімін тапты.

Яғни, нақты дәйектерге негізделген бюрократиялық кедергілер бойынша ұсынылған ұтымды әрі сапалы ұсыныстар қолдау табуда.

Мемлекет басшысының «Азаматтардан ең көп сұраныс бар процедуралар оңтайландырылып, қайта қаралуға тиіс» деген тапсырмасын жүзеге асырпу мақсатында, биыл мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша мониторинг жұмыстары бизнесті қолдау бағытындағы салалардағы бюрократиялық кедергілерді анықтау бойынша жүргізілуде. Осы бағыттағы мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін арнайы фокус-топтар құрылып, орталық деңгейде 200 адамнан тұратын және жергілікті деңгейде 1000 адамнан тұратын фокус-топтар жұмыс жасады. Фокус-топтар өз кезегінде бюрократиядан арылту бойынша ұсыныстарын Агенттікке жолдады. Яғни, азаматтар фокус-топтарға қатысу арқылы мемлекеттік аппараттың одан әрі дамуына өз үлестерін косуда.

Елінің болашағына қызмет ететін әр саланың кәсіби мамандары қоғамдағы шешілуі күрделі әкімшілік кедергілерді еңсере отырып, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізген жағдайда ғана мемлекет, қоғам және бизнес пайда көретіні анық.

Нұржан Сүлейменов,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<