Футбол кейде адам қиялына сыймайтын оқиғаларды өзі жазатындай. Осыдан он тоғыз жыл бұрын «Камп Ноуда» жас Лионель Месси бірнеше айлық сәбиді қолына ұстап, қайырымдылық күнтізбесіне суретке түскен еді. Ол кезде сол нәрестенің бір күні әлем футболының жарық жұлдызына айналып, Мессиге қарсы дүниежүзі чемпионатының финалына шығатынын ешкім білген жоқ. Суреттегі сәби – Ламин Ямаль.
Енді бір кадрға сыйған екі тағдыр Әлем футболының ең үлкен сахнасында қайта тоғыспақ. 2026 жылғы мундиаль финалында Аргентина мен Испания кездеседі. Шешуші ойын 19 шілдеде АҚШ-тағы «Метлайф Стэдиумда» өтеді. Қазақстан уақытымен матч 20 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де басталады.
Аргентина жартылай финалда Англияны 2:1 есебімен жеңді. Ағылшындар Энтони Гордонның голынан кейін алға шыққанымен, ойын соңында басымдықты сақтай алмады. 85-минутта Энцо Фернандес есепті теңестірсе, қосымша уақытта Лионель Мессидің әуелете берген пасын Лаутаро Мартинес баспен қақпаға бағыттап, аргентиналықтарды финалға алып шықты.
Испания болса, жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен сүріндірді. Микель Оярсабаль мен Педро Порроның голдары испандарға тарихындағы екінші Әлем чемпиондығына таласуға мүмкіндік берді. Команданың басты үмітінің бірі – Ламин Ямаль. Жас футболшы жылдамдығымен, батыл қимылымен және шешуші сәтте жауапкершілікті өз мойнына ала білуімен ерекшеленеді.
Месси мен Ямальды байланыстыратын әйгілі сурет 2007 жылы UNICEF пен Diario Sport ұйымдастырған қайырымдылық жобасы кезінде түсірілген. Ол кезде Месси 20 жаста болса, Ямаль небәрі бес айлық еді. Фотограф Жоан Монфорт кейін Мессидің баланы қалай ұстауды білмей, алғашында қысылғанын еске алған.
Арада жылдар өткенде сол қарапайым кадр футбол тарихының символына айналды. Бір жағында – Әлем чемпионы, тұтас дәуірдің бет-бейнесіне айналған Месси. Екінші жағында – жаңа буынның ең жарқын өкілі Ямаль.
Бұл финал тек Аргентина мен Испанияның бәсекесі емес. Бұл – тәжірибе мен жастықтың, аяқталар дәуір мен басталар кезеңнің айқасы. Месси Әлем чемпионы атағын қорғап, ұлы мансабын тағы бір алтын жүлдемен толықтырғысы келеді. Ямаль болса, жаңа буынның кезегі келгенін дәлелдеуге ұмтылады.
Он тоғыз жыл бұрын Месси Ямальды қолына ұстап тұрған еді. Енді екеуі Әлем кубогын иелену үшін жасыл алаңда бір-біріне қарсы шығады. Финал соңында олардың біреуі ғана жеңіс тұғырына көтеріледі. Бірақ нәтиже қандай болғанына қарамастан, бұл кездесу футбол тарихындағы ең әсерлі оқиғалардың бірі болып қалмақ.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





