Жаңа өзгерістерге нақты қадам

334

0

       Кейінгі кезде еліміз елеулі кезеңге аяқ басты. Бұны жүргізіліп жатқан саяси реформалардағы өзгерістерден байқауға болады. Оның қарапайым формуласы мынадай: «Күшті Президент, ықпалды Парламент, еститін Үкімет». Мемлекет басшысы айтқан осы қағидалар жүйелі жұмыс жүргізу үшін алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап, стратегиялық жоспарымызды белгілеп берді.

          Ел болашағы – мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан мемлекеттің дамуы орныққан реформа арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Бүгінде халық үнін еститін мемлекет тұжырымдамасы арқылы елдің үніне, тілегіне, ниетіне жоғары билік құрылымы құлақ түретін болды. Аудан әкімдері бұрын халық алдында жылына бір- ақ рет есеп беретін болса, қазір тоқсан сайын есеп беріп, облыс әкімдері жарты жыл сайын халық алдына шығып, әрбір халықтың айтқан сөз-пікірінің орындалуы қандай деңгейде екенін негізгі бағытқа алды.

          Жалпы, елдегі саяси, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.

             Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы да белсенді әрекет етіп, елдің көкейіндегі мәселелерді мінберден көтере бастады. Бұрынғыдай емес, енді заң шығаруға да атсалысатын мәжілісмендерге ел үлкен үміт артуда. Парламенттің ықпалы артып, қордаланған мәселелерді билік алдына тікесінен қойып, оның орындалуын қадағалауда. Азаматтардың мүдделері мен құқықтары алдыңғы орынға қойылуда. Мемлекетіміздің саяси-экономикалық даму жолындағы жаңа қадамдар ел келешегінің жарқын көрінісі деуге болды.

         Қазір Үкімет жұмысының барлығы халықтың көз алдында айнадай көрініп тұрады. Жұртшылық та өзінің ой-пікірін айтуға, ұсынысын білдіруге құқылы. Қандай да бір істі қолға алмас бұрын «Жеті өлшеп, бір рет кес» деген халық даналығын негізге ала отырып, бірлесіп іс қылсақ ұтылмасымыз анық.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<