Су айдынында сақ болайық

949

0

Өткен айдан бастап өңірде суға шомылу маусымы басталды. Осыған орай облыс аумағындағы су айдындарында ересектер мен балаларды жиі кездестіруге болады. Өткен жылы жазғы шомылу маусымы кезінде 35 оқиға тіркеліп, 40 адам суға кетті. Оның ішінде 21-і – кәмелеттік жасқа толмаған бала. Оқыс оқиғаның басым бөлігі облыс орталығындағы Сырдария өзенінде орын алған. Адамдардың суға кетуінің басты себебі – белгіленбеген жерде шомылу. Көбінесе ересектер балаларын жағажайларда қараусыз қалдырады. Ал оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталады.

Облыс аумағындағы су айдындарында азаматтардың әртүрлі себептермен суға кету саны көбеюде. Жыл басынан бері қала аумағында 21 адам (оның 7-еуі бала) қаза болды. Сондай-ақ, құтқарушылардың көмегімен 7 адам аман қалды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Асхат Тоғызбаев өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте суға түсу маусымы басталғалы жағдай мәз емес екенін айтты. Адамдардың суға кету көрсеткіші тұрғындардың үрейін ұшырып, алаңдаушылық тудыруда. Аптап ыстықта өзен-көл мен дария жағасын жағалағандар да баршылық. Тіпті құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспайтындар да кездеседі.

Облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 6 жағажай орналасқан. Олардың 2-еуі жеке, 4-еуі коммуналдық. Бірақ, мұның өзі тұрғындар үшін жеткіліксіз. Сол себепті көпшілігі қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағажайларға түсуге мәжбүр.

– Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы. Қазіргі таңда 27 адамға ескерту шарасы көріліп, 2 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Облыста суға түсуге арналған жағажай санаулы. Сол себепті балалар ата-ананың бақылауынсыз суға түсіп, аяғында қайғылы жағдайға душар болады, – дейді А.Тоғызбаев.

Осыған орай төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері еріктілер және басқа да ұйымдарды жұмылдыра отырып күнделікті Сырдария өзені мен су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін рейд жұмыстарын жүргізуде. Рейд барысында қауіпті су айдындарында жүрген азаматтарға үнпарақтар таратылып, дауыс күшейткіш құрылғысы арқылы хабарландыру айтылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқыс оқиғаларды болдырмау және алдын алу үшін тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар Сырдария өзеніне жақын орналасқан саяжай маңындағы өзен-көлдерге және рұқсат етілмеген аумаққа шомылмауды сұрайды. Ата-аналар қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларды бақылаусыз қалдырмағаны абзал.

Мамандардың айтуынша шомылу кезінде құтқару жасағы сақадай сай. Әзірлік жұмыстары күшейтіліп, жаттығулар жүр­гізілуде. Әсіресе, кешкілік мезгілде және демалыс күндері адамдар көп бола­тынын ескеріп, тексерісті тоқтатып жатқан жоқ. Десе де биылғы ахуал күрделі. Сондықтан сақтық шараларын сақтаған жөн.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<