Судағы қауіпсіздік сақталуы тиіс

744

0

Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 2 жағдай тіркелді. Өткен жылы 49 адам қайғылы жағдайға ұшырап, 16 адам құтқарылды. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері суға түсу маусымына орай қауіпсіздік шараларына қатысты бақылауды күшейтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте облыстық ТЖД басшысының орынбасары Саид Молдақараев айтты.

̶ Шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті сақтау үшін жедел құтқару жасағының күштері мен техникалары күн сайын дайындық жүргізуде. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция департаментімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді,  ̶  деді ол.

Суда адамдардың қайғылы жағдайға ұшырауының себебі қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамауынан. Осыған орай департамент қызметкерлері Сырдария өзені жағалауы және қала, аудан аумағындағы су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты сала мамандарын тартып, белгіленген кестеге сәйкес рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Өткен жылы ҚР ӘҚБ туралы кодексінің 364-бабы бойынша 92 азаматқа ескерту беріліп, жоғарыда аталған кодекстің 440-бабы бойынша 1 адамға әкімшілік шара көрілді. Ал биыл су айдындарында, балық аулайтын орындарда 210 рейд өткізіліп, 13 мыңға жуық азаматқа қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Қазір облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жеке жағажай іске қосылды. Алдағы уақытта жасөспірімдерге арналған лагерь жұмысын бастайды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<