Су ресурстарына ұқыпты қарап, оларды тиімді пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеу – «Су және білім» атты жаңа оқу-педагогикалық жобасының басты мақсаты. Бұл жоба өңірімізде өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүзеге асырылып келеді.
Оның бастамашылары – Су ресурстары және ирригация, Оқу-ағарту министрлігі, Аралды құтқару халықаралық қоры және облыс әкімдігі. Француз даму агенттігі мен UNICEF Kazakhstan ұйымдарының қаржылай қолдауымен іске асуда.
Жоба жетекшісі әрі сарапшы, Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының өкілі Татьяна Немцанның айтуынша, жобаға Арал өңіріндегі он білім ошағы тірек мектеп ретінде таңдалған.
Жоба білім беру ұйымдарының «Адал азамат: табиғатқа қамқорлық және суға құрмет» бағдарламасын жүзеге асырудағы белсенді үлесін көрсетуді көздейді. Осы бағытта түрлі шығармашылық байқаулар, көрмелер, дебаттар, экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар педагогтер мен оқушылар жаңашыл ізденістерге барып, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы жасыл белдеулер қалыптастыруда және басқа да шаралар қолға алынған.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласы Абай атындағы мектепте дебат турнирі өтті. Іріктеу кезеңінен өткен өңірдегі 55 мектептің ішінен үздік шыққан 10 команда жеңімпаз атану үшін бақ сынасты. Қатысушылар тек шешендік қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар су шаруашылығы саласының ерекшеліктерін терең меңгергенін көрсетті. Оқушылардың білімін Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының жетекші сарапшылары бағалады.
Сондай-ақ Байқоңыр қаласында облыстық семинар өтіп, оған 100-ден астам педагог, сарапшы және білім беру саласының өкілдері қатысты. Жиында жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және су ресурстарына ұқыпты қарау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар экологиялық білім беру саласындағы озық педагогикалық тәжірибелерді енгізу мен таратуға ерекше көңіл бөлінді.
Аружан АБЫЛАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 2-курс студенті





