Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам

377

0

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті бастамасымен семинар өтті. Қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық нормаларын сақтап, заңбұзушылықтардың алдын алуды мақсат еткен жиынға департамент басшысының орынбасары Б.Байхожаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының заңгер-консультанты С.Алшынбеков, департаменттің бас маманы Ә.Амангелдиев қатысып, маңызды мәселелер төңірегінде баяндама жасады.

– Жемқорлық көріністеріне қарсы күресуде азаматтардың барлығы белсенділік танытып, мүлдем төзбеушілік қасиетін қалыптастыруы керек. Себебі, осындай тәжірибені қолданған Сингапур, Оңтүстік Корея елдерінде соңғы жылдары жемқорлық деректері 2% құраған. «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі. Осы стратегияда да кешенді шаралардың жұртшылықтың қатысуымен жүргізілу қажеттігі айтылған. Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төтеп бере аламыз, – деді Б.Байхожаев.

Басқосуда Ә.Аманкелдиев Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» аясында мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі қабылданғанын, этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстарын туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылғанын айтты. Сонымен қатар абыройлы қызметті арқалаған қызметшілер жұмыстан тыс уақытта да моральдық-әдептілік нормаларын ұстану қажеттігін алға тартып,  биыл агенттіктің мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында қолдануға қолайлы Әдеп кодексінің қойын кітапшасы, покетбук енгізгенін хабарлады. Жиын соңында спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті реттейтін заң нормаларына қатысты түсіндірме жұмыстарының әлі де жалғасатынын жеткізсе, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға мардымды жауап ала алды.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<