Сыр балуандары жеңіс тұғырынан көрінді

468

0

Сыр жерінде жалауы желбіреп, 3 күн бойы жас балуандардың  бабы мен бағын сынға салған республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті.

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай қазақша күрестен 2001-2003 жылдары туған жастар арасында өткен турнирде 200 жуық балуан жүлделерді сарапқа салды.

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен тоғызыншы мәрте өткен боз кілем бәсекесіне еліміздің барлық облысы мен Алматы, Шымкент қалалары және ұлттық құраманың үздік жас балуандары келді.

Балуандар бәсекесінде қатысушылар тоғыз салмақ дәрежесінде боз кілемге шығып,  дайындықтары мен айла, әдістерін ортаға салып, шеберлік сынасты. Шыбықтайынан шыңдалып, қазақ күресіне машықтанған жастардың тартысқа толы белдесулеріне еліміздің жоғарғы дәрежелі төрешілері төрелік етті.

+ 100 келі салмақта жарыс жеңімпазы болған Әлихан Айтжанов «Карантиннің салдарынан ұзаққа созылған үзілістен кейін Қызылорда жерінде алғашқы турнирдің өтуі спортшылар үшін өте қуанышты жаңалық болды» – дейді.

Үш күнге созылған тартысты дода қорытындысымен жалпыкомандалық есепте турнирдің қола жүлдесі ұлттық құрамаға бұйырса, әулиеаталық балуандар жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Сыр балуандары бірінші орынды жеңіп алып, тұғыр биігіне көтерілді.

Сайыс жүлдегерлері мен жеңімпаздары Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналған арнайы медальдармен марапатталып, қаржылай сыйақылар табысталды.

Айта кетейік, бұл турнир Ұлттық құрамаға кандидаттарды анықтайтын бірден-бір жарыс. Ішкі біріншілікте іріктелген жастар Ұлттық құрама сапына ілігуге мол мүмкіндік алып, қазақ күресінен Әлем, Азия, Европа чемпионаттарына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Турнир жүлдегерлері сонымен бірге спорт шеберіне үміткер атағын иеленеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<