Сыр елінде сарбаздар серт берді

1045

0

Ұлттық ұланның Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде Ант қабылдау шарасы өтті. Бұл туралы ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шарада бөлімнің әскерилері салтанатты түрде сап түзеді. Командирі, подполковник Төлеби Чубаев сарбаздарды құттықтап, Антқа адал қызмет етуге шақырды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн шырқалып, еліміздің көк байрағы көтерілді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, ардагерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полиция департаментінің басшылары қатысты.  

Ұлттық ұлан қатарына Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан бір ай бұрын шақырылған 160-тан аса жас сарбаз енді. Олар аз уақыттың ішінде әскери тәртіпке үйреніп, алғашқы дайындық кезеңінен өткен. Ұлттық ұланның міндеттерімен таныс. Әскерге іштей тас-түйін дайындықпен келген кешегі бозбала бүгін сарбаз болып, Отанына адал қызмет етуге ант берді. Жауынгерлік қызметтегі маңызды рәсім аяқталған соң мінберге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, 5547 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеби Чубаев, ардагерлер мен ата-аналар құттықтады.

— Әскери ант – әскерилер өміріндегі ерекше рәсім. Ант қабылдау арқылы сіздер Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды қалтқысыз атқаруға, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, әскери және мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға, әскери істі мұқият үйреніп, оның ауыртпалықтарын көтере білуге, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндеттеме аласыздар. Алдағы уақытта мемлекет пен халық алдындағы конституциялық борыштарыңызды атқару кезінде барлықтарыңыздың осы қабылданған антты бұлжытпай орындап, әскери қызметтеріңізді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін, — деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Т. Әміреев. Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлер келген қонақтар мен ата-аналарға бір ай көлемінде үйренген жауынгерлік ұрыс, қарумен және қарусыз саптық тәсілдерді орындаудан көрініс көрсетті. Сондай-ақ бөлімнің әскери оркестрінің әуелеген плац-концерті мен дефиле қойылымдарын қойды. Әскери ант қабылдау шарасы соңында жас жауынгерлерге ата-ана, туыстарымен бірге қала аралап, серуендеп қайту мүмкіндігі берілді. Әскери бөлім басшылығының шешімімен, жауынгерлер жоспар бойынша уақытылы қалаға шығып, белгіленген кезде әскери бөлімге қайта оралады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<