Сыр өңірінде халықаралық жас математиктер байқауы басталды

241

0

15 мамырдан бастап Қызылордада Қазақстан ҰҒА академигі, профессор Асқар Жұмаділдаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жас математиктер байқауы басталған болатын.

Кеше аймаққа арнайы келген байқаудың қазылар алқасының төрағасы, академик Асқар Серқұлұлымен бірге облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болдым. Келелі кездесу барысында аймақ басшысы халықаралық білім додасының жоғары деңгейде өткізілуіне тілектестігін білдірді.

Облыс басшысы байқаудың жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысып жүрген академик Асқар Жұмаділдаевқа, Қазақстан Математика пәні мұғалімдері қауымдастығына шынайы ризашылығын айтты. Байқауға еліміздің, көршілес мемлекеттердің жастарын қатыстыруға мүмкіндік жасау туралы академиктің ұсынысына сәйкес 2019 жылы тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілгенін, өткен жылы белсенді жастармен кездесу кезінде байқауды облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізу туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

Сонымен бірге, білімге құштар жастар мен білікті мамандарды қолдау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізілетінін, биылғы жылы 10 мектептің құрылысы басталатынын айтты.

Есепке жүйрік дана қазақтың мәртебесін Әлемдік деңгейге тағы бір көтерсем деген ұлы ойдың жетегінде жүрген академик облыс әкіміне іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, халықаралық білім бәсекесіне еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен 1700-ге жуық үміткерден өтінім түскен. Іріктелген 100 қатысушы байқауда бақ сынайды.

Дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және ынталандыру мақсатында өткізіліп жатқан халықаралық білім бәсекесінің жоғары деңгейде өткізілуіне тілекшімін. Қатысушыларымызға сәттілік тілеймін!

Бауыржан Елеусінов,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша

филиалының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<