Сырдағы су ресурстарына шынайы бетбұрыс қажет

483

0

Сенаттың пленарлық отырысында Сенат депутаты Руслан Рүстемов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына Сыр өңіріндегі су шығынының алдын алу шараларын жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалдың желісін ұсынып отырмыз.

Құрметті Олжас Абайұлы!

Өзіңізге белгілі, елімізде су ресурстарының мүмкіндігі көрші мемлекеттермен салыстырғанда өте шектеулі. Соның ішінде, елімізге шектес аумақтардан келетін су ағынына неғұрлым тәуелді саналатын өңірлердің қатарында Арал-Сырдария су шаруашылығы бассейні де бар. Жылдар бойғы табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы салдарынан пайда болған Арал теңізінің трагедиясы «әлемдік деңгейдегі жараға» айналды. Сырдағы су тапшылығы мәселесін кешенді шешпесе таяу келешекте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатер төнуі мүмкін.

Осындай күрделі кезеңде Сырдағы су ресурстарын тиімді пайдалану, егістікті, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыруды тиімді ұйымдастыру және суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында барлық су нысандарын республикалық меншікке алу қажеттігі туындап отыр. Алайда су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бірыңғай мамандандырылған вертикалы ретінде дербес қызметін атқаруы тиіс Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселені созбалаңға салуда.

Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында құзырлы мекемелердің бірлесіп жұмыс жасамайтынын, жауапкершілік алудан қашатынын, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратынын және өзара нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ екендігін сынға алып, салалық министрліктер гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс екендігін атап көрсеткен болатын.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің осы жылдың ақпан айында Қызылордада өткен көшпелі отырысында да Сырдағы су нысандарын республикалық меншікке өткізу ұсынылды.

Өйткені, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты.

Инженерлік жүйеге келтірілген жерлер 1963-1978 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті өте төмен (0,60 пайыздан аспайды). Ирригациялық жүйелер әртүрлі органдарға бекітілуі себебінен басқару жүйесі бұзылған.

Суармалы жерлердің жалпы көлемі 268 мың гектарды құрайды, оның 178 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Дегенмен, ұзындығы 15,5 мың шақырым магистральды және шаруашылықаралық каналдардың небәрі 2,3 мың шақырымы ғана республикалық меншікте, 1,3 мың шақырымы әкімдікке қарасты «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне бекітілген.

Ал жалпы ұзындығы 11,9 мың шақырым құрайтын ішкі шаруашылық каналдарға іс жүзінде ұстап тұру, пайдалану жүргізу мүмкін болмай келеді. Суармалы каналдардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған, бұл суармалы судың жоғалуына әкеледі.

Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады, бұл – еліміздегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы. Осыған қарамастан, оңтүстіктегі 5 облыста республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, яғни 4,7 пайызы ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысының үлесіне тигенін қалай түсіндіруге болады?

Атап өту керек, облыс аумағындағы ішкі шаруашылық каналдар «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының 3-ші кезеңіне енгізілген.

Өз кезегінде, Премьер-министрдің 2016 жылғы 7 шілдедегі Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытынды хаттамасына сәйкес, облыс әкімдігіне 2016 жылдың соңына дейін кейіннен республикалық меншікке беру мәселесін пысықтаумен аталған жоба аясында ирригациялық жүйелерді түгендеу және құжаттандыру жөніндегі іс-шараларды белгіленген тәртіппен өткізу тапсырылған.

Тапсырманы орындау мақсатында 2018-2020 жылдары Қызылорда облысының бюджетінен 796 млн теңге қаржы бөлініп, су нысандарын құжаттандыру жұмыстары аяқталды. Алайда су нысандары республикалық меншікке қабылданбады.

Құрметті Олжас Абайұлы, Қызылорда облысында орын алған су тапшылығы жағдайында ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиоративтік жағдайды жақсарту және суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін жоғарыда аталған су нысандарының республикалық меншікке қабылдануына және кезең-кезеңімен қайта жаңғыртудан өткізілуіне ықпал етуіңізді сұраймын.

Руслан Рүстемов,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<