Сырдария ауданына қарасты «Шаған» және Нағи Ілиясов ауылдарына газ құбыры тартылуда. Биыл ауыл тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көреді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Берік Сәрменбаев айтып берді.
Былтыр аудан бюджеті 17 млрд теңгеге жетіп, өнеркәсіп орындары 98,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13,5 млрд теңге болып, 7,5 пайызға өскен. Аудан экономикасына 85,2 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, өсім 35,7 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруде нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр 34,3 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде күріш 21,9 мың гектар жерге себіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды, 131 мың тонна астық қамбаға құйылды. Суды үнемдеу мақсатында 13 шаруашылық 31 заманауи лазерлік жер тегістегіш қолданды. Шаруашылықтар жаңбырлатып суару әдісімен 100 гектар жерге түрлі дақыл екті. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы жемісті жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы 273 млн теңгеге 18 жобаға өтінім беріліп, 10-ы қолдау тапты.
Кәсіпкерлерді қолдау үшін «Абай – Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен «Бесарық» ауылында шағын өндірістік аймақ ашылды. Аудан әкімінің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 162 гектар қосымша жер дайындалып, 767 адам бақша еккен. «Айдарлы», Аманкелді, «Жетікөл», «Шіркейлі», «Бесарық», Асқар Тоқмағамбетов елді мекендерінде жастар бригадасы мол өнім алған.
Жылдан – жылға мал басы да артып келеді. Ірі қара 2,1, жылқы 28,3, түйе 1,3 пайызға өскен. Кәсіпкерлік саласында да қарқын бар.
– Былтыр бөлшек сауда көлемі 2,9 млрд теңгені құрады. Биыл шағын және орта кәсіпкер саны 2693-ке жетті. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 327 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. «Микробизнес – Қызылорда» бағдарламасы аясында 14 жоба қаржыландырылды. Ал «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бойынша 47 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан субсидияланды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 139 адамға қайтарымсыз грант берілді. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 72 жоба қолдау тапса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы арқылы 25 ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдық алынды, – деді аудан әкімі.
Жол, құрылыс, коммуналдық сала және абаттандыруға қаржы қаралып, қарқынды жұмыстар жүргізілді. Төреңөзек кенті, «Бесарық», «Қоғалыкөл», «Ақжарма», Қалжан ахун, С.Сейфуллин елді мекендеріндегі 25 көше күрделі жөндеуден өтіп, жол сапасы жақсарды. Тұрғындар 100 пайыз орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында Тереңөзек кенті, «Шаған», «Қоғалыкөл», Аманкелді ауылдарының 14,5 шақырым су құбыры қайта жаңғыртылды.
Брифингте аудан әкімі электр желілерін қайта жаңғыртудағы жұмыстарды да атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі іске асырылып жатқанына тоқталып, алдағы жоспарларын бөлісті.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<