Сырдың сыршыл сазгері

1101

0

Сыр өңірі үшін қазақтың біртуар перзенті, композитор Кеңес Дүйсекеевтің алар орны ерекше. Оның шығармашылық әлеуеті мен туған жерге деген ықыласы сан жүректі жылытып, көптеген жастың арманына жол ашты. Танымал тұлға ән өнерінің ғана емес, бүтін рухани көшті өнегелі жолға бағыттап, жүрек түкпірінен шыққан сазды әуен, сапалы музыка арқылы тыңдарманды қуанта білді. Бүгінде автор шығармалары эстрада төрінде әуелеп, кеңінен насихатталуда. Соның бір жарқын дәлелі – Сыр өңірінде Кеңес Дүйсекеев атындағы І халықаралық «Туған жер» атты әншілер конкурсының өтуі.

Осы айтулы әншілер конкурсының ашылу салтанаты мен доданың І кезеңіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, қала қонақтары мен байқау үміткерлеріне ақжарма тілегін жеткізді. Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы үшін аталған сайыстың маңызын айта келе, байқаудың жалғасын табатынына сенім білдірді.

– Тарихы терең, топырағы кенен киелі Сыр жері – ұлттың бағына туған, талай дарынды тербеткен өскелең өңір. Оның бірі әрі бірегейі, талантты композитор, өнер қайраткері, біртуар азамат – Кеңес Дүйсекеев. Ағамыздың қалың елдің ыстық ықыласына бөленген «Қаракөз-айым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!», «Өкінбе сен» және басқа да әндерін Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Жұбаныш Жексенұлы секілді қазақ эстрадасының майталмандары орындап, бұл әндер қазақ жастарының отаншыл рухын көтеретін, эстетикалық талғамын байытатын дүниелерге айналды. Композитордың әндері бүгінде қазақ арасында ғана емес, шет елдерде де шырқалып жүр. Бұл – Дүйсекеевтің дара әндерінің музыка ұлт таңдамайды деген қағидаға сай аксиомасы, күллі адамзатқа ортақ колориті деп білеміз. Талантты азаматтың құрметіне арналған Сыр еліндегі «Туған жер» атты І халықаралық әншілер конкурсы осының айқын дәлелі. Бұған дейін республикалық деңгейде өткізіліп келген айтулы конкурс биыл тұңғыш рет халықаралық сипатқа ие болды.

Өнерге құрмет мәңгілік болуы тиіс! Кеңес ағаны халық есінде мәңгі қалдыру үшін Қызылорда облыстық филармониясына композитордың есімі берілетін болады. Бұл – барша жерлестеріміздің құрметі мен сыйы! Қадірлі өнер жанашырлары! Еліміздің өнері асқақтай берсін! Байқауға қатысушыларға Кеңес ағаның рухы дем берсін. Жеңіс жолында шын жүйріктер озсын, – деді облыс әкімі.

Онан соң, облыс әкімі Кеңес ағаның жары Баян апайды сахна төріне шығарып, қазақтың қонақжай дәстүрімен жөн-жоралғысын жасады. Құрмет көрсетті. Әрі қарай кеш ән шеруге ұласты.

Қызылордада халықаралық деңгейде тұсауы кесілген байқау автор шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттауға басымдық бермек. Сонымен қатар, мұнда композитор шығармалары арқылы жас әншілерге бағыт беріп, таланттарға қолдау білдіруге қол жеткізу көзделген. Конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен және Болгария, Польша, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен 28 талапкер қатысуда.

Ән сайысына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов төрағалық етсе, литвалық белгілі продюсер Бируте Петриките, болгариялық эстетика докторы Николай Текелиев, Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиева қазылық жасайды. Оған қоса қазылар құрамында композитор Бейбіт Оралұлы, халықаралық конкурстар мен фестивальдар ассоциациясының мүшесі Қарлығаш Әбдікәрімова және Кеңес Дүйсекеевтің ұлы Нұркен Дүйсекеев бой көрсетпек.

Халықаралық шара баспасөз конференциясынан бастау алды. Ұйымдастырушылар конкурстың ереже-талаптарын тарқатып, әншілер байқау ерекшелігіне тоқталды. Әсіресе, шетелдік қонақтар К.Дүйсекеевтің әндері тек Қазақстанда емес, шетелде де сұранысқа ие екенін тілге тиек етті. Бір айта кетерлігі, қатысушылардың арасында сазгердің бұған дейінгі республикалық деңгейде өткен байқауларында топ жарған 3-4 жүлдегер бар.

– Байқауға жүзден жүйрік шыққан талантты ұл-қыздарды жинадық. Іріктеуден өткізу қиынға соқты. Негізі қатысушыларды Қазақстан мен шетелден теңдей қылып алу керек еді. Алайда сазгердің өлеңін әнші қалай айтады, соған да мән бердік. Өйткені Кеңестің әндері өте күрделі. Ал киелі сахнаға шыққан өнерпаз тілі келмей, әдемі әннің шырайын кетірсе, одан не ұтамыз? Көрермен қандай күйде болады? Осының бәрін ескеріп, басымдықты қазақ жастарына бердік әрі бұрын Кеңестің байқауларына қатысып, жүлделі орын алып жүрген талантты әншілердің бетін қаққымыз келмеді. Енді шын мықтыны ертең анықтаймыз, – деді Қарлығаш Әбдікәрімова.

Айтпақшы, аталған байқауды сазгер 2020 жылы өткізуді жоспарлаған. Бұл туралы композитор Бейбіт Оралұлы өзі әңгімелеп берді. Оның айтуынша, халықаралық деңгейде өткізілетін ән байқауы пандемияға байланысты тоқтап қалған.

Ал келер жылы іске асырғалы жүрген жоспар  қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қайғылы жайтпен біткен еді. Енді Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен қайта жүзеге асты.

Орайы келгенде айта кеткен жөн болар, Сырдан шыққан дарын иесі саналы ғұмырын сазгерлікке арнап, 1980 жылдары қазақтың өнер әлеміне жаңа леп әкелді. Ал содан бері түрлі аспаптар мен симфониялық концерттерге, камералық оркестрге, белгілі кинофильмдер мен театр қойылымдарына саз жазды. Бұл аз десеңіз, Кеңес аға романс, соната, мюзикл, оперетта, рапсодия, вариациялардың және 200-ден астам әннің авторы. Көрнекті композитордың мәдениет саласындағы осынау еселі еңбегі беріректе бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері атанды. Бүгінгі байқаудың халықаралық деңгейде өтуінің астарында міне осындай еңбек жатыр. Алыстан ат терлетіп келген өнер иелері бұл пікірімізді үстей түсті.

– «Туған жер» атты халықаралық әншілер байқауы есті әндерді қайта жандандырып, ән әлеміне жаңа есімдердің келуіне жол ашады деп сенемін. Себебі бұған дейін Кеңес Дүйсекеев атындағы өңірлік, республикалық байқауларда танылған таланттар қазіргі таңда эстрада төрінде танымал. Бүгінгі ән додасында да талай жастың сәтті өнер көрсететініне үміт мол, – деді Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиева. 

Айта кетейік, конкурс ережесі бойынша бірінші кезеңде талапкерлер композитордың әнін орындайды. Екінші кезеңде Қазақстаннан қатысатын үміткерлер халық әндері немесе Қазақстан композиторларының әндерінен орындаса, шетелдік талапкерлер өз елінің әнін шырқайды. Екі күнге созылатын өнер бәйгесі өнерпаздардың қатысуымен гала-концертке ұласады.

Сыр топырағынан шыққан өнер иесі Кеңес Дүйсекеевтің мұрасы мәңгі халық жадында. Оның эстрадаға әкелген эстетикалық талғамы, таным биігі бірнеше буынның тағылымды тәлім алуына мүмкіндік сыйлады. Көптеген жастың сахнаға аяқ басуына да таланттың қосқан үлесі зор. Сондықтан бұл байқау Қызылорда жұртының ғана емес, қазақ елінің мерейлі сәті десек, артық емес.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<