Тәуелсіздікке тағзым

476

0

«Достық үйінде» «Тәуелсіздік тағылымы» атты танымдық жиын өтті. Оған облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы ұйымдастырған іс-шарада Тәуелсіздік тақырыбы тереңнен қозғалып, тәлімді ойлар айтылды.

Жиында желтоқсаншы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тарих кафедрасының профессоры Айтжан Оразбақов сөз сөйлеп, Желтоқсан оқиғасы туралы айтты. Сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Сәпен Аңсатов, тарихшы ғалым Бақытжан Ахметбек Алаш арыстарынан бастап, Желтоқсан жаңғырығына дейін егемен ел болу жолындағы күрес тарихына тоқталып, мерекенің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заңтану магистрі Қуаныш Жәрекеев ел Тәуелсіздігінің заңнамалық тұрғыда  маңызы туралы баяндама жасады. Желтоқсан оқиғасының куәгері, композитор Рамазан Тайманов «Қазақ қызы» әнінің туу себебі туралы айтып, Желтоқсан рухы шын мәнінде ұлтымыздың рухани шыңдалуы екенін атап өтті. Сондықтан, бүгінгі таңдағы басты міндет – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау.

Өз кезегінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қызметкері Раушан Марсалиева империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында тәуелсіздікке қол жеткенін айтып, тұлғатану бағытында ауқымды жұмыстар атқарылу керегіне тоқталды. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында басын бәйгеге тіккендердің ерлігі уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс.

Жиын соңында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов тәелсіздік тойымен баршаны құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Тәуелсіздік дегеннің өзі тәу ету, құдіретін құрметтеу дегенді білдіреді. Жалпы, азаттықты аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған қасиетті күн ретінде Тәуелсіздік – біздің барлық жетістігіміздің негізі. Енді оны көздің қарашығындай сақтау аманаты арқамызда тұр. Тарихи міндетті абыроймен іске асыру – баршамыз үшін қасиетті парыз, – деді басқарма басшысы.

Мұнан кейін Руслан Рүстемұлы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға сый-сияпат көрсетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<