«Тәуелсіздікті ту еткен – желтоқсаншылар»

1054

0

Биыл ұлт тарихының айшықты сәті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесі мен желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы. Тәуелсіздік – азап пен төзімінің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Бұл – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.

Тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қан төксе, Кеңес Өкіметі кезінде 1986 жылы желтоқсан айында алаңға шыққан аға-апаларымыз Тәуелсіздік таңының атуын жақындатты.

Президенттіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді.

Айтулы оқиғаның 35 жылдығына орай 29 қазанда Облыстық ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікті ту еткен – желтоқсаншылар» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, «қарусыз қаһармандар» Аманбай Дүйсенұлы Канетов, Айтжан Жұмабайұлы Оразбақов, Шолпан Үсенқызы Баймаханова, Жанар Хайруллақызы Дармағамбетова және қаламыздың орта білім беру ұйымдарының тарихшы ұстаздары, кітапханашылар, студент-жастар қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Желтоқсан оқиғасының тарихи тағылымы мен тәуелсіздік құндылықтары төңірегінде пікір алысып, ой бөлісті. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі директорының орынбасары, жас ақын Мақсат Дауылбай өз шығармашылығынан «Желтоқсан» атты өлеңін оқып, кездесуге қатысушыларды жалынды жыр жолдарымен бір серпілтті.

Кездесу барысында қонақтарға Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қызметкерлері дайындаған «Желтоқсан желі – ызғарлы» атты кітап көрмесі, орталық қызметкерлері дайындаған қала тұрғындарынан алынған сауалнама, бейнебаян назарға ұсынылды. Кездесу соңында қонақтарға кітаптар сыйға тартылып, қатысушылар естелік суреттерге түсті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<