«Тәжірибе алаңына» 20 жыл

187

0

Тәжірибе алаңы – Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің демеушілігімен өткізіліп келе жатқан шара.«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының бастамасымен шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, үздік тәжірибесін анықтау мақсатында өткізілетін Тәжірибе алаңына биыл – 20 жыл.

Тәжірибе алаңы – Сыр өңірінің ұстаздарына ұйымдастырылған, республикамызда аналогі жоқ, озық әдістемелік қолдау алаңы болып табылады. Тәжірибе алаңы жылдан-жылға өз алаңының өрісін кеңейтіп, қанатын құлаштап жайып келеді. Онда мыңдаған мұғалім шығармашылықтарын шыңдап, тәуелсіз еліміздің өскелең ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудің озық әдістемесін қалыптастыруға күш жұмсауда.

Бүгін, 2 қаңтарда өзге өңірлер үшін ерекше жаңалық болып табылатын аталмыш шараның ашылу салтанаты өтті. Облыстың әр ауданынан келген әдіскерлер мен сарапшылар, шығармашыл ұстаздар Жаңақорған шипажайында бас қосты.Алаң жұмысына «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының тренерлері мен қызметкерлері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен 85 шығармашыл мұғалім қатысты.

Алаңның ашылу салтанатында сөз алған Облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің үздік әдістемелік тәжірибесін айқындау, тарату, олардың кәсіби шеберлігін көтеру, білім беру жүйесінде мұғалімдердің жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеру және әдістемелік жұмыс жүйесінің бірегейлігін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алаң қатысушыларына сәттілік тіледі.

Тәжірибе алаңының ашылу салтанатында жұмыс бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар, түрлі бағыттар бойынша өткізілетін шеберлік сыныптары, семинарлар мен конференциялар, тренингтер, танымдық ойындар, сауық кештері, т.б. іс-шаралардың өткізілу форматы, сарапшылардың атқаратын міндеттері түсіндірілді.

Алда өтетін іс-шараларға қатысушы ұстаздардан тың идеялар күтеміз!

Оразбай Орманов,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша

филиалының аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<