Тағылымы мол шаралар

1250

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада осы аптада бірнеше іс-шаралар өтті. Солардың бірі жазушы, әдебиет зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Сейдімбек Ақселеудың туғанына 80 жыл толуына орай «Заманның көркем шежірешісі» атты әдеби кеш. Іс-шараның мақсаты – Сейдімбек Ақселеудың өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа дәріптеу, рухани мұрасын насихаттау. Шараға №187 мектептің тарих пәнінің мұғалімдері Ержанова Айнұр, Өтешова Ақтоты мен Көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжінің студенттері қатысып шығармашылық және ғылыми еңбектері туралы айтып пікір алмасты. Шара соңында оқырмандар назарына «Ұлт рухын ту еткен» атты кітап көрмесі ұсынылып, шолу жасалды.

Мұнан бөлек, «Музыкалық қонақжай» жобасы аясында «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кездесу кеші өткізілді. Кеш барысында жастар С.Майқанова атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Бастаңғы» әжелер ансамбілінің мүшелерімен кездесті. Шараның мақсаты – түрлі салада еңбек етіп, зейнет жасында өнер жолына араласып жүрген еңбек ардагерлерінің өмір жолын жастарға таныстыру және үлгі ету, үлкендерге құрметпен қарауға үйрету. Кеш барысында өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген әжелер 30 жылдық өнердегі тәжірибелерімен бөлісіп, өз репертуарларынан бірнеше әндер орындады. Шараға Қызылорда көпсалалы Ұлағат колледжі мен Өркениет медициналық колледждерінің студенттері қатысып, сұрақтар қойып, еркін сұхбат құрды.

Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист, ақын Махмұтбай Әміреұлының 80 жасқа толуына орай «Жылдар, жырлар» тақырыбында кездесу кеші өтті. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғ.Әбілда Махмұтбай ақынның сөз саптауында өзгеге ұқсамайтын ерекшелігін айтса, кітапхана басшысы Н.Мыңжас ақынға тән мінезіне тоқталып, шығармашылығын көпшілік қауымға таныстырды. Шара барысында ақынның «Қызылорда вальсі» әні тыңдарман қауымға ұсынылды. Кеште Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің, Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінің, Ж.Нұрсейітов атындағы №233 орта мектебінің оқушылары және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері М.Әміреұлының шығармашылығынан өлеңдер оқып, «Жыр жайсаңы» атты кітап көрмесі таныстырылды.

«Этюд» Арт-студия оқушылары әуесқой суретші Тян Элизабеттің шеберханасында қонақта болды. Әуесқой суретші студия оқушыларына өзінің галереясындағы жұмыстарын таныстырды. Сурет салуға деген қызығушылықтың қалай басталғаны, әр жұмыстың жасалу жолдары мен бояу таңдауы жайында қызықты әңгімелеп берді. Әңгіме барысында суретші майлы бояудан бөлек акварель, акрил, сонымен қатар барельефпен айналысқанды ұнататынын айтты.

5 желтоқсан күні облыстық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, жазушы Нұрмахан Оразбектің туғанына 85жыл толуына орай қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қаламгер.Тұлға.Журналист» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге жазушының «Өтіп еді сол заман нақ осылай», «Көрген жерден көз кетпейді», «Ғибратты ғұмыр», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин», «Сыр журналистикасының тарихы», «Жазушылар әлемі» т.б. кітаптары мен баспасөз беттерінен алынған материалдары қойылды.

Кітапханда Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабына талдау ұйымдастырылды. Шараға «Жауқазын-ғұмыр» шығармашылық клубының мүшелері, М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Каюпова Дидар мен Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студеттері және №140 Абылайхан атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдуллақызы Ұлжан қатысты.

Кеш барысында қонақтар соғыстан кейінгі Ербол мен Меңтайдың махаббаты, тағдыры, тұрмыс-тіршілігі,туралы түсіндіре отырып, романның танымдық және тәрбиелік маңызын, көркемдік құндылығын атап көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» кітабына талдау өткізілді. Іс-шараның мақсаты жастарға кейіпкер бейнесі арқылы өмірді таныту, өмірлік көзқарастарын қалыптастыру, қаһармандық,адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіре отырып тәрбиелеу. Кеш барысында оқырмандар он жеті жасында бір қаныпезердің кесірінен мүгедектікке душар болып қалған, сұлу да өнерлі, елді өзіне қаратқан, парасатты жазушы әйелдің ауыр тағдыры арқау етілген «Тауқымет» романын талқылап, өз ойларын ортаға салды.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<