Талантты спортшылар тасада қалмайды

1784

0

Алдағы уақытта Сыр өңірінде олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріледі. Жергілікті жастардың әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатысуына қолдау көрсетіледі.

– Жанкүйерлер кейінгі жылдары қазақстандық спортшылардың Жазғы Олимпиадаларда төмен нәтиже көрсетіп жүргенін жақсы біледі, – деді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев. – Сондықтан қазір елімізде бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынып отыр. Қазір Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту – негізгі мақсат. Облысқа қызметке келгенімде мемлекет есебінен бөлінген қаржының 80 пайызы оған кірмейтін спорт түрлеріне бағытталғанын аңғардық. Ендігі кезекте барлығы керісінше болады. Спортшының жолы оңай емес. Асқақ арманмен қаншама тер төгеді. Олимп шыңын бағындыру – кез келген адамның басына бұйыра бермейтін бақ. Әйтсе де, біз таланттарға жол ашып, олардың жоғары жетістікке жетуіне қолдау көрсетуіміз тиіс. Келешекте оларға 1,5-2 млн теңге шамасында сыйақы тағайындау жоспарланып отыр. Ол жергілікті жастардың алға ұмтылысына оң әсерін тигізеді деген ойдамын Әрине, бұл бастапқы кезде ауыр қабылданады. Өйткені, олимпиалық емес түрімен табыс тауып отырған азаматтар бар. Олар соның арқасында сыйақы мен үстемақы алып келді. Бірақ, біз жеткізе білдік. Олар түсінді. Келесі олимпиадада ұятқа қалмау үшін біз осындай қадамға бару керекпіз.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамыту бағытында тиісті жұмыстар атқарылады. Олар Олимпиаданың көптеген жеңімпазы шыққан Әзербайжан, Ресейдің Дағыстан аймағында тәжірибесін арттырып, шеберлігін шыңдайды. Ал боксшылар дүниежүзінде алдыңғы қатарда көрініп жүрген Куба, Өзбекстан секілді мемлекеттерде білікті бапкерлерден тәлім алады.

Келешекте Қызылорда қаласында бокс клубын ашу жоспарда бар. Қазірге дейін жұмыс жасап келген «Тарлан» спорт кешені облыстық басқарманың теңгеріміне берілмек. Содан кейін оған бюджет есебінен қаржы тартуға жол ашылады. Әзірге аталған клубқа кімнің басшылық жасайтыны белгісіз. Халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғаған Қамшыбек Қоңқабаев, Тұрсынбай Құлахмет, Рустам Сыбаев сынды азаматтар бар. Клубта негізінен жергілікті мамандар еңбек етіп, көптеген жарысқа шәкірттер дайындауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ биыл жергілікті «Қайсар» командасы шетелдік ойыншылардан бас тартып, қазақстандық футболшыларға сенім артады. Қазір қызылордалық клуб Түркия жерінде оқу-жаттығу жиынын өткізуде.

– Әрине, бұл шешімді әркім әртүрлі қабылдады. Елімізде жанкүйерлер тарапынан жергілікті ойыншыларға көңіл бөлу қажеттігі туралы жиі айтылады. Десе де қазірге дейін нақты қадам жасалған жоқ. Неге біз ел  жастарына үміт артпаймыз? Таланттарға неге жол ашпаймыз? Жаңадан жасақталған команда алғашқыда қарсыласына қауқар көрсете алмауы мүмкін. Алайда әрбір ойында олар тәжірибесін арттырады, шеберлігін жетілдіреді. Олардың арасынан мықты футболшылар шығады деген ойдамын. Қазір команданың 700 млн теңгеге жуық қарызы бар. «Қайсардың» басшылығына келген азаматтар одан құтылудың жолын қарастырып жатыр. Ол демеушілерден түскен қаржы есебінен жабылады, – деді басқарма басшысы.

«Қайсар» футбол клубының директоры Талғат Әбдіғаппарұлы қазір демеушілермен келісім-шартқа қол қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ командаға ақша түсіру мақсатында қосымша қаржы көздері қарастырылып отыр.

Қазір облыс орталығында бой көтеріп жатқан 11 мың жанкүйерге арналған жаңа стадион биыл мамыр айында пайдалануға берілмек. Ол УЕФА-ның үшінші категория талабына сай келеді. Бұл талап бойынша команда еурокубоктың топтық кезеңіндегі ойындарын да өз стадионында өткізуіне мүмкіндігі бар.

Айта кетсек, осы кезге дейін облыс намысын қорғап келе жатқан «Қайсар» гандбол және көгалдағы хоккей клубтарына да қолдау көрсету жалғасады.

Әділжан ҮМБЕТ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<